ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ АРҚАСЫНДА МОЛ ӨНІМ АЛЫНДЫ

Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарында диқандар қырыққабаттың алғашқы өнімін жинау науқанын бастады. Биылғы маусымда егін небәрі 45 күн ішінде пісіп-жетіліп, жоғары өнім көрсеткішіне қол жеткізілді.

Ауыл шаруашылығы өкілдері суармалы судың уақытылы әрі тұрақты жеткізілуі өнім сапасына оң әсер еткенін атап өтуде. Осы ретте шаруалар Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» мекемесінің жұмысына оң бағасын білдіруде.

Жетісай ауданындағы шаруа Ермахан Тасовтың айтуынша, биыл 10 гектар жерге егін егілген. Оның ішінде қырыққабат пен қауын өсірілуде. Сонымен қатар 4 гектар алқапта тәжірибе ретінде тамшылатып суару жүйесі енгізілген.

 

Ермахан Тасов: 

«Өнімнің сапасы жақсы, түсімі жоғары. Әсіресе су үнемдеу технологиясының тиімділігі анық байқалды. Су нақты мөлшерде, дер кезінде жеткізіліп отыр. Алдағы уақытта бұл тәсілді кеңінен қолдануды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау аясында субсидия алуға өтінім береміз», – деді.

Бүгінде «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы облыс аумағы мен Шымкент қаласында 330 мың гектардан астам суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде шамамен 60 мың гектары бау-бақша дақылдарына тиесілі.

Мамандардың айтуынша, су үнемдеу технологияларын енгізу – ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Атап айтқанда, тамшылатып суару әдісі суды бірнеше есеге дейін үнемдеп қана қоймай, әр өсімдікке қажетті ылғалды дәл мөлшерде жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнімнің сапасын арттырып, шығынды азайтады және жердің құнарлылығын сақтауға ықпал етеді.

Сонымен қатар заманауи суару жүйелері еңбек өнімділігін арттырып, климаттық тәуекелдерге тәуелділікті төмендетеді. Су ресурстарын тиімді пайдалану – экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің де маңызды тетігі.

Айта кетейік, мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдау шаралары күшейтілген. Атап айтқанда, ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым жүргізу және қажетті жабдықтарды сатып алу шығындарын өтеу көлемі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.

Бұдан бөлек, суармалы суға сараланған тариф енгізіліп, су үнемдеу тәсілдерін қолданатын шаруалар үшін субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін арттырылды.

Жалпы алғанда, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану – өнім көлемін арттырумен қатар, ресурстарды ұтымды пайдаланып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашатын тиімді шешім болып отыр.