35 МЫҢНАН АСА БАЛА ДЕМАЛАДЫ

Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру жұмыстары биыл да жүйелі түрде жалғасып, мазмұндық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл бағыт өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында. 2026 жылғы жазғы маусымды жоғары деңгейде өткізу мақсатында өңірлік ведомствоаралық штаб құрылып, 2026–2028 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған құжат балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы демалыс ұйымдастыру, медициналық қызмет көрсету, дұрыс тамақтану және олардың шығармашылық әрі зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған нақты тетіктерді қамтиды.

Жазғы лагерьлердің дайындығы арнайы ұйымдастырылған кеңесте жан-жақты қаралды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев төрағалық етіп, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды. Кеңес барысында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, лагерьлердің санитарлық талаптарға сәйкестігі, қауіпсіздік шараларының толық сақталуы негізгі басымдық екені ерекше атап өтілді.

– Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – бұл тек бос уақытты тиімді өткізу ғана емес, сонымен қатар олардың денсаулығын нығайту, әлеуметтік бейімделуін арттыру, жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беру. Сондықтан әрбір лагерьде қауіпсіздік талаптары толық сақталып, тәрбие және сауықтыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуі тиіс, – деді әкім орынбасары.

Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кең көлемде баяндама жасады. Оның айтуынша, 2026 жылы өңірдегі 1–10 сыныптарда білім алатын 496 мыңнан астам оқушының басым бөлігін жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар үш негізгі бағдар бойынша жүзеге асырылады.

Біріншіден, қала сыртындағы 23 балалар лагері 35 мыңнан астам баланы қабылдап, толыққанды сауықтыру қызметін ұсынады. Бұл лагерьлерде балалар үшін қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасалып, спорттық, мәдени және танымдық бағдарламалар ұйымдастырылады.

Екіншіден, мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерде 140 мыңға жуық оқушы қамтылып, олардың бос уақыты тиімді ұйымдастырылады. Мұнда оқушылар үшін үйірмелер, экскурсиялар, зияткерлік ойындар мен тәрбиелік шаралар қарастырылған.

Үшіншіден, еңбек, туристік, шығармашылық және спорттық бағыттағы түрлі жобалар мен іс-шаралар арқылы 300 мыңнан астам бала жазғы маусымды мазмұнды өткізеді. Бұл бастамалар балалардың қызығушылықтарын дамытуға, кәсіби бағдар беру жұмыстарына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, лагерь инфрақұрылымын жетілдіру бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы лагерьлерге апаратын жолдарды жөндеу, спорт алаңшаларын жаңарту және инженерлік желілерді қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. Ал Түлкібас ауданында лагерьді коммуналдық меншікке алу және жаңа сауықтыру орталығын ашу мәселелері пысықталуда. Бұл өз кезегінде алдағы жылдары балаларды қамту аясын кеңейтіп, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы және ерекше бақылауды қажет ететін 1300-ден астам балаға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Олар жазғы сауықтыру шараларымен толық қамтылып, тегін демалыс мүмкіндігіне ие болады. Бұдан бөлек, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы уақытты тиімді ұйымдастыру бойынша арнайы жадынамалар таратылуда.

Жалпы, Түркістан облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі кешенді түрде қарастырылып, барлық жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысы арқылы жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы шаралар балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерін ашуына және қоғамға бейімделуіне оң әсерін тигізеді.

Осылайша, өңірде жазғы сауықтыру маусымын сапалы өткізу – маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі ретінде айқындалып, барлық жұмыстар тұрақты бақылауда жүзеге асырылатын болады.