ОБЛЫСТЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, БЮДЖЕТТІК ӨСІМ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ
Жыл басынан бері Түркістан облысының бюджеті жоғары қарқынмен орындалып, жоспарланған көрсеткіштер едәуір асыра орындалды. Нақты айтқанда, бюджетке түсетін түсімдер жоспары 118%-ға жетіп, қосымша 58,3 млрд теңге көлемінде кіріс қамтамасыз етілді. Бұл оң нәтиже, ең алдымен, өңірдің өзіндік кірістерінің артуымен тікелей байланысты.
Өзіндік кірістер көлемі 70,8 млрд теңгені құрап, белгіленген жоспардан 10,6 млрд теңгеге жоғары болды. Сонымен қатар бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2 млрд теңгеге немесе 8 пайызға өсіп отыр. Бұл өңір экономикасының тұрақты даму үстінде екенін көрсетеді. Бұдан бөлек, субвенциялар, бюджеттік кредиттерді өтеу және республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер толық көлемде, яғни 100% игерілген.
Аталған нәтижелер Түркістан облысы әкімдігінде өткен кезекті аппараттық мәжілісте жан-жақты қаралды. Жиында 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша облыстық бюджеттің орындалуы, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі индикаторлардың жүзеге асу барысы талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеп, жұмысты жүйелеуді тапсырды.
Нұралхан Көшеров:
– Бюджет кірістерін ұлғайту – негізгі басымдықтардың бірі. Әсіресе, өзіндік кірістерді арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Сонымен қатар бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді игеру мәселесіне айрықша мән берілуі тиіс. Даму көрсеткіштерінің орындалуы тұрақты бақылауда болады. Жоспарды орындамаған жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданады, – деді.
Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың мәліметінше, бірқатар негізгі қаржылық көрсеткіштер бойынша Түркістан облысы республикадағы орташа деңгейден жоғары нәтижеге қол жеткізген. Атап айтқанда, өзіндік кірістер жоспарының орындалуы 118%-ды құрап, республикалық орташа көрсеткіш – 109%-дан асып түсті. Сонымен қатар жалпы түсімдердің өсім қарқыны 108%-ға жетсе, салықтық түсімдер 104% өсім көрсеткен.
Өңірдегі барлық аудан және қала әкімдіктері өзіндік кірістер жоспарын толық орындап шықты. Негізгі салық көздері бойынша да оң динамика байқалады. Мысалы, жеке кәсіпкерлерден түсетін табыс салығы 7,6 млрд теңгені құрап, жоспардан едәуір жоғары орындалды. Ал мүлік салығы 4,7 млрд теңгеге жетіп, жоспарланған межеден 1 млрд теңгеге артық түсті.
Экономикалық белсенділіктің артуына өңірдегі заңды тұлғалар санының көбеюі де айтарлықтай ықпал етіп отыр. Жыл басынан бері басқа өңірлерден 172 кәсіпорын Түркістан облысында тіркеліп, бюджетке 394 млн теңге түсім әкелген. Бұдан бөлек, жаңадан 362 заңды тұлға құрылды. Бұл деректер өңірдің инвестициялық тартымдылығының артып, іскерлік орта үшін қолайлы жағдай қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Бюджет шығыстарының игерілу деңгейі де тұрақты. Есепті кезеңде облыстық бюджеттен 315,6 млрд теңге игеріліп, жоспар 99,4%-ға орындалды. Бұл қаржының басым бөлігі әлеуметтік-экономикалық даму мен инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған.
Жалпы алғанда, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Түркістан облысында бюджет саясаты тиімді жүзеге асырылып, кірістер мен шығыстардың теңгерімді орындалуы қамтамасыз етілді. Нәтижесінде өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң өсім қалыптасты.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппардың айтуынша, облыстың 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарында 5 негізгі бағыт бойынша 27 ұлттық индикатор, 17 нысаналы көрсеткіш және 77 нәтижелі көрсеткіш қарастырылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша нысаналы индикаторлардың 11-і толық орындалса, 3 индикатор бойынша жұмыстар жалғасуда. Ал нәтижелі көрсеткіштердің 51-іне қол жеткізіліп, 9 бағыт бойынша орындау шаралары жүргізіліп жатыр.
