«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2 МЫҢ ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Өткен аптада өңірдің барлық аудан, қалаларында, сондай-ақ Түркістан қаласында құрылған жұмысшы топтар базарлар мен сауда орталықтарының аумақтарында тазалыққа мониторинг жүргізді. Сонымен қатар «Таза қала» және «Таза ауыл» акциялары ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараларға 41 мыңнан астам тұрғын қатысып, 272 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 31 мың ағаш отырғызылып, 69 мың ағаш әктеліп, 2 мың тонна қоқыс шығарылды. Алдағы аптада «Таза аула» акциясын өткізу жоспарлануда.
Бұл мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды. Облыс басшысы сауда және қоғамдық орындарда санитарлық-гигиеналық талаптар мен өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауды, ретсіз сауданың алдын алуды тапсырды. Сондай-ақ қоқыс жиі жиналатын орындарды анықтап, бейнебақылау жүйелерін орнату, полициямен бірлескен рейдтерді күшейту міндеттелді.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, бірқатар кемшіліктерді атап өтті. Атап айтқанда, кейбір сауда орындарында санитарлық тазалық талаптары мен техникалық қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігі анықталған. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда.
Тазалық – тек бір реттік акция емес, бұл – әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс маңызды құндылық. Қазақстанды таза ұстау қоршаған ортаны қорғаумен қатар, ұлт денсаулығы мен болашақ ұрпақтың сапалы өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір тұрғын туған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, ортақ іске белсенді атсалысуы қажет.
