ҚАЛА ҚАБЫРҒАСЫНДА СӨЙЛЕГЕН ӨНЕР — ЖАҢА МУРАЛ ЭКОЛОГИЯҒА ҮН ҚОСТЫ

Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жаңа мурал салынды.

Бұл жоба – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Қаланың көркін айшықтай түсу мақсатында салынған ерекше арт туынды «Керуен сарай» тұрғын үй кешенінің қабырғасына орналастырылды. Заманауи стильде бейнеленген муралда табиғатты аялау, тазалықты сақтау және экологиялық сананы күшейту идеялары көркем әрі әсерлі түрде жеткізілген.

Мурал – жай ғана сурет емес, ол қоғамға ой салатын үнсіз тәрбие құралы. Оған көз салған әрбір жан табиғаттың адам өміріндегі маңызын тереңірек сезінеді. Көркем бейне арқылы «табиғат – ортақ үйіміз» деген қарапайым, бірақ маңызды ұғым санаға сіңеді. Бұл туынды адамдарды айналасын таза ұстауға, қоршаған ортаға бейжай қарамауға, әр әрекетіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Осындай шығармашылық жобалар қала кеңістігін жандандырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Өнер арқылы берілген ой – жүрекке тез жетіп, санада ұзақ сақталатыны анық.