2500 ЖАС ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫН АЛАҢЫНДА БАС ҚОСТЫ
Кентауда республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойынының іріктеу кезеңі өтті. Білімділер жарысын Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырып, қала әкімдігінің қолдау көрсетті.
Ашық алаңда өткен ауқымды зияткерлік сайысқа еліміздің 7 өңірінен, сондай-ақ Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан келген 500-ге жуық команда, жалпы саны 2500-ге тарта жас қатысып, білім мен логиканы ұштастырған тартысты бәсекеде бақ сынады.
Салтанатты рәсімнің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сөз сөйлеп, жобаның қоғамдық маңызына ерекше тоқталды. Олар мұндай кең ауқымды интеллектуалды платформалар жастардың жан-жақты дамуына серпін беріп, елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Жобаның негізгі мақсаты – дарынды жастарды айқындау, олардың білімге деген қызығушылығын арттыру, логикалық ойлау қабілетін жетілдіру және елімізде зияткерлік ортаны қалыптастыру.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 45 команда келесі кезеңге жолдама алып, марапатталды. Енді олар Түркістан қаласында өтетін 1/8 финалда өзара бақ сынайтын болады. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 3 миллион теңге.
Аталған «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл сегізінші рет өткізілуде. Бұл білім сайысы – жастардың ой-өрісін кеңейтіп, көшбасшылық қабілеттерін дамытатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға бағытталған бірегей жоба.
Қатысушылардың көптігіне байланысты жоба ауқымы рекордтық деңгейге жетіп, халықаралық деңгейде, соның ішінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге ұсынылды.
Білім – жеке тұлғаның дамуының басты кепілі. Интеллектуалды ойындарға қатысу жастардың сыни ойлауын қалыптастырып, жылдам шешім қабылдау дағдыларын жетілдіреді. Сонымен қатар, мұндай сайыстар командалық жұмыс мәдениетін нығайтып, жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді дамытады. Білімді ұрпақ – елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі тірегі екені сөзсіз.
