ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАЗА ҰСТАУ — МӘДЕНИЕТТІЛІК ПЕН ТАЗАЛЫҚТАН
Сарыағаш ауданына қарасты қала және ауылдық елді мекендерде тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлық көзқарасты нығайту және санитарлық талаптарды жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Таза қала» экологиялық акциясы өткізілді.
Аталған шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Шермат Ибрагимов, сондай-ақ жастар, депутаттар және түрлі мекеме қызметкерлері белсенді қатысты.
Іс-шара барысында елді мекендерде ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, аула аумақтары мен қоғамдық кеңістіктер ретке келтірілді. Бұдан бөлек, көгалдандыру шаралары қолға алынып, отырғызылған жас көшеттерге күтім жасалып, суару жұмыстары атқарылды. Жол жиегіндегі шөптер орылып, санитарлық жағдайды жақсарту бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды.
Тазалық акциясына арнайы техникалар тартылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар белгіленген орындарға шығарылды.
Тазалық – әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс маңызды құндылық. Қоршаған ортаның таза болуы – тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Сондықтан әрбір адам өз ауласы мен тұрған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Қоғамдық орындардағы тәртіп пен тазалықты сақтау – ортақ міндет. Тұрғындарды қоқысты бей-берекет тастамауға, табиғатты ластамауға және экологиялық мәдениетті сақтауға шақырамыз. Бұл – келешек ұрпаққа таза әрі қолайлы орта қалдырудың басты кепілі.
Тазалық шаралары тек бір реттік акциямен шектелмеуі тиіс. Мұндай игі бастамалар жүйелі түрде жалғасып, әр азаматтың санасында тұрақты әдетке айналғанда ғана өңірдің экологиялық ахуалы жақсарады.
