ЗАУЫТТАҒЫ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік секторды дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі – Отырар ауданындағы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-нің қызметі тұрақты назарда. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен арнайы алқалы кеңес ұйымдастырылып, өндірістегі еңбек қатынастары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және әлеуметтік жағдайлар жан-жақты қаралды.

🔰Кеңестің басты мақсаты – қолданыстағы заңнамалардың орындалуын қамтамасыз ету, өндірістік процестердегі техникалық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалау, сондай-ақ жұмысшылардың құқықтарын қорғау мен еңбек жағдайларын жүйелі түрде талдау.

Жиын барысында қатысушылар алдымен өндіріс аумағын аралап, жұмысшылармен тікелей тілдесті. Сонымен қатар алқаптарда орналасқан тұрмыстық базалардың санитарлық жағдайы тексеріліп, еңбеккерлердің өмір сүру деңгейіне баға берілді.

Бүгінде өндірістік кешеннің мақта алқабы 16 секторға бөлінген. Әр секторда жұмысшыларға арналған арнайы жатын орындар мен асханалар қарастырылған. Кешен аумағында 4 жатақхана ғимараты пайдалануға берілген. Мұнда еңбек ететін азаматтар күніне үш мезгіл ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілген.

Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда кешенде 700-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – өңірдегі жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласын дамытуға серпін беріп отырған маңызды жоба.

Кеңес барысында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тілемисов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департамент басшысы Амангелді Әліш, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Закриддин Алимкулов сөз сөйлеп, еңбек қауіпсіздігі, құқықтық талаптар және санитарлық нормаларды сақтау бағытында нақты ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар жиында экологиялық тұрақтылық мәселелері, топырақтың сапалық жай-күйі мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағыттары да кеңінен талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өндірістегі өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту қажеттігін ерекше атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Нұрбол Тұрашбеков: 

Бұл ірі инвестициялық жоба өңір экономикасының драйверіне айналып отыр. Сондықтан оның тұрақты әрі заң талаптарына сай жұмыс істеуі – басты міндеттердің бірі. Біз туындаған мәселелерді апта сайын қарап, оларды заң аясында шешіп келеміз. Арнайы кеңес өткізудегі негізгі мақсат – бақылауды күшейту, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтау және анықталған кемшіліктерді уақытылы жою, – деді.

Жиын қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар беріліп, инвестициялық жобаның іске асырылу барысы мен еңбек қатынастарының ахуалы алдағы уақытта ай сайын өтетін кеңестерде тұрақты түрде қаралатын болып белгіленді.

Айта кету керек, мұндай ауқымды өндірістік жобаларда еңбек адамдарының құқықтарын сақтау, оларға лайықты жағдай жасау – еліміздің жаңа Конституциясында айқындалған әлеуметтік мемлекеттің басты қағидаттарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдегі тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттіліктің нығаюына негіз болады.