ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚАДАМ: ОБЛЫСТА КҮН СТАНСАСЫ САЛЫНУДА
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sauran Solar Power» ЖШС басқарма төрағасы Шао Юэбомен кездесіп, Сауран ауданында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылыс барысын жан-жақты талқылады. Кездесу барысында ірі инвестициялық жобаны іске асыру кезеңдері, құрылыс жұмыстарының нақты мерзімдері, сондай-ақ туындауы мүмкін өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.
Аталған жоба өңір үшін стратегиялық маңызы жоғары бастамалардың бірі саналады. Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында нысанның іргетасы қаланып, жоба ресми түрде іске қосылған болатын. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Өңір басшысы жобаның ел экономикасы мен энергетика саласы үшін маңыздылығына ерекше тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету саясатының нақты нәтижесі және Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің айқын көрінісі. Біз жобаның уақтылы әрі сапалы іске асырылуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Өңірдегі әрбір инвестициялық жоба мен инвестор қызметі менің тұрақты бақылауымда, – деді.
Кездесуде жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін әкімшілік қолдау шаралары, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ инвестормен өзара тиімді іс-қимылды күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес, электр станциясы жоғары тиімділікке ие заманауи күн панельдерімен жабдықталады.
Қосалқы станция құрамында әрқайсысының қуаты 400 МВА болатын екі трансформатор орнатылады. Бұдан бөлек, қуаты 90 МВт/360 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі қарастырылған. Бұл жүйе өндірілген электр энергиясын тиімді сақтап, оны тұтыну шегіне байланысты реттеп отыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде электр желісінің тұрақтылығы артады.
Жалпы инвестиция көлемі шамамен 160 млрд теңгені құрайды. Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс және пайдалану кезеңдерінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ретте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, сондай-ақ кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше басымдық берілуде.
Жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында іске асырылуда. Жобаның басты мақсаты – жаңартылатын энергия өндірісін арттыру арқылы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту, көмір генерациясына тәуелділікті төмендету және экологиялық тұрғыдан тұрақты даму жолына көшу.
Сонымен қатар мұндай жобалар ішкі электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге зор үлес қосады. Қазақстанда энергия тұтыну көлемі жыл сайын артып келе жатқанын ескерсек, күн электр станциялары отандық өндірісті күшейтіп, сыртқы энергия көздеріне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Бүгінде жобаны іске асырудың келесі кезеңдері жоспарланған. Атап айтқанда, құрылыс алаңына қажетті контейнерлерді жеткізу, алғашқы партиядағы күн панельдері мен қосалқы жабдықтарды тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2024–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Жалпы алғанда, күн энергетикасы әлемнің көптеген дамыған елдерінде кеңінен таралған. Әсіресе Қытай, АҚШ, Германия, Үндістан және Испания сияқты мемлекеттерде күн электр станциялары энергетика саласының маңызды бөлігіне айналған. Бұл елдердің тәжірибесі жаңартылатын энергия көздерін дамыту экономикалық өсіммен қатар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолы екенін көрсетеді.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстанның энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып, атмосфераға бөлінетін зиянды шығарындылар көлемі азаяды. Сонымен қатар өңірлік инфрақұрылым дамып, жаңа өндірістік мүмкіндіктер қалыптасады және Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай күшейеді деп күтілуде.
