400 МЛН ТЕКШЕ МЕТР СУ БЕРІЛДІ

Түркістан облысында суармалы жерлердің өнімділігін арттыру және топырақтың мелиоративтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта «Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалы Жетісай мен Мақтаарал аудандарында ауқымды сор шаю шараларын жүзеге асырды.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Жетісай ауданындағы 53,6 мың гектар, ал Мақтаарал ауданындағы 41 мың гектар суармалы алқап қамтылып, жалпы көлемі 400 миллион текше метр су жіберілді. Бұл шаралар топырақ құрамындағы тұзды азайтып, егіс алқаптарының құнарлылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Шардара ауданында да егістік жерлерді маусымға дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, 8,1 мың гектар аумақта топырақты ылғалдандыру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда бұл бағытта 262 миллион текше метр су берілді. Мұндай дайындық көктемгі егіс науқанының сапалы өтуіне негіз қалайды.

Мамандардың айтуынша, сор шаю – мақта және басқа да дақылдардың өнімділігін арттырудағы ең маңызды агротехникалық шаралардың бірі. Топырақтағы тұз мөлшерін төмендету арқылы өсімдіктің тамыр жүйесінің дамуы жақсарып, ылғалды тиімді сіңіру қабілеті артады. Нәтижесінде өнім көлемі мен сапасы жоғарылайды.

Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу де өзекті бағытқа айналып отыр. Атап айтқанда, тамшылатып суару, жаңбырлатып суару әдістері суды бірнеше есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсілдер судың ысырап болуын азайтып қана қоймай, әрбір дақылға қажетті ылғал мөлшерін дәл жеткізу арқылы өнімділікті арттырады. Әсіресе су тапшылығы қаупі бар аймақтар үшін мұндай технологиялардың маңызы зор.

Өңір диқандары да жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін атап өтуде.

«Жеті гектар жерге мақта егіп отырмыз. Қазір алқапты егіске дайындап, ылғалдандырудамыз. Су уақытылы әрі жеткілікті көлемде беріліп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен қолдау. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында биыл мол өнім алуға сеніміміз жоғары», – дейді шаруа Ақжан Сүлейменбеков.

Ал «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы Нұртас Тұрсынбековтің сөзінше, сор шаю науқаны өткен жылдың желтоқсан айында басталып, бүгінде толық аяқталған.

«Қазіргі таңда суармалы алқаптарға көкөніс және бақша дақылдарын суару үшін су беру жұмыстары жалғасуда. Сор шаю – әсіресе мақта өсіруде аса маңызды кезең. Себебі жоғары өнім алу үшін топырақтағы тұз деңгейін төмендету қажет. Ал ылғалдандыру жұмыстары – егіс алдындағы негізгі дайындықтың бірі», – деді ол.

Жалпы алғанда, жүргізіліп жатқан кешенді шаралар өңірдегі аграрлық сектордың тұрақты дамуына, су ресурстарын тиімді басқаруға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға оң әсерін тигізуде.