ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ТҮРКІСТАНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ ЖЕТКІЗІЛДІ
Мемлекет басшысының елді мекендерді табиғи газбен қамтуды жеделдету жөніндегі нақты тапсырмасын іске асыру аясында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Соның айқын нәтижесінің бірі – Сарыағаш ауданындағы Көктерек ауылдық округіне қарасты Көктерек кентінің жаңа тұрғын үй аумағының табиғи газға қосылуы.
Аталған жобаның аясында Жасқанат, Қонаев, Бірлік, Тұран, Самал, Көктерек, Түркістан, Ұлытау, Жібек жолы, Береке, Отырар, Бәйтерек және Керуен көшелерінде газдандыру инфрақұрылымы толық жүргізіліп, тұрғындарға «көгілдір отын» жеткізу мүмкіндігі жасалды. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аталған елді мекенге арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, жүзеге асырылған жұмыстың нәтижесімен танысты. Кездесу барысында аудан басшысы газдандыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Ел Президенті ауылдарды газдандыру мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық міндет. Біз осы тапсырманы сапалы әрі уақытылы орындауды басты мақсат етіп отырмыз. Әрбір басталған жоба соңына дейін жеткізіліп, тұрғындардың игілігіне қызмет етуі тиіс. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасады, – деді Арман Абдуллаев.
Жергілікті тұрғындар өз кезегінде табиғи газдың келуі үлкен қуаныш екенін жеткізіп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, газдың қосылуы тұрмыстық шығындарды азайтып қана қоймай, экологиялық жағдайдың жақсаруына да оң әсер етеді.
Айта кету керек, жобаны аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тапсырыс беруші ретінде жүзеге асырған. Құрылыс жұмыстарын «Ынтымақ-ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Бүгінде инфрақұрылым толық дайын, енді тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосу жұмыстары атқарылып жатыр.
Жалпы жоба аясында 2820-дан астам тұрғынды табиғи газбен қамту көзделген. Қызмет көрсетуші мекеме ретінде «Келес Трансгаз» ЖШС бекітіліп, жүйелі жұмыстарды үйлестіруде.
Түркістан облысында ауылдық елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ауыл мен қала арасындағы өмір сүру сапасының айырмашылығын азайтуға бағытталған.
Жалпы алғанда, мұндай жобалар – ел дамуының нақты көрсеткіші. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған әрбір қадам мемлекет саясатының халыққа жақындығын, әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Сарыағаш ауданындағы бұл бастама – соның жарқын дәлелі.
