КЕНТАУДЫ ЖАСЫЛ ҚАЛАҒА АЙНАЛДЫРУДЫҢ ҚАДАМДАРЫ ҚАНДАЙ?

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама тек санитарлық тазалықпен шектелмей, елді мекендердің келбетін жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін орнықтыруды көздейді.

Осы бағыттағы нақты жұмыстар Кентау қаласында да жүйелі жалғасуда. Қала аумағында абаттандыру мен көгалдандыру шаралары қарқынды жүргізіліп, орталық көшелер, саябақтар мен аллеялар кезең-кезеңімен жаңартылуда. Атап айтқанда, қоғамдық кеңістіктерге біржылдық гүлдер отырғызылып, демалыс орындарының эстетикалық тартымдылығы арттырылуда. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары да тұрақты бақылауда. Ағаштарды суару, санитарлық кесу, тыңайтқыш енгізу және жаңа көшеттер отырғызу ісі жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қала аумағында жасыл қорды сақтау ғана емес, оны көбейтуге басымдық беріліп отыр. Бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі саналады.

Бұдан бөлек, Кентауда санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту, бей-берекет тасталған қалдықтарды жою, заңсыз қоқыс орындарын анықтап, оларды ретке келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл іске коммуналдық қызметтермен қатар еріктілер, жастар ұйымдары және қала тұрғындары белсенді қатысуда. Ортақ іске жұртшылықтың атсалысуы – экологиялық мәдениеттің қалыптасуының нақты көрінісі.

Қазіргі таңда қала келбетін жақсарту тек инфрақұрылымдық жұмыстармен ғана шектелмеуі тиіс екені анық байқалады. Экологияны жақсарту үшін бірқатар маңызды бағыттарға назар аудару қажет. Атап айтқанда, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жүйесін енгізу, пластик қалдықтарды азайту, ағаш отырғызу мәдениетін кеңінен насихаттау, су ресурстарын үнемді пайдалану және тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру – уақыт талабы. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын көгалдандыру, шағын саябақтар санын көбейту және «жасыл белдеулер» қалыптастыру жұмыстары да жүйелі жалғасуы тиіс.

Мамандардың айтуынша, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігі маңызды. Қоқысты кез келген жерге тастамау, ағаштарды сындырмау, гүлзарларды бүлдірмеу – қарапайым әрекеттер болғанымен, қала мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Осы тұрғыда экологиялық тәрбие беру мәселесі де өзекті болып отыр.

Жалпы алғанда, Кентауда жүргізіліп жатқан абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары – қаланың сыртқы келбетін жақсартумен қатар, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай бастамалар ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу үшін тұрақты жалғасуы қажет.

Қорытындылай келе, таза әрі жасыл қала қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бұл – барша тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Қаланы күтіп ұстау, табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті дамыту арқылы ғана Кентауды шын мәнінде жайлы әрі өмір сүруге қолайлы мекенге айналдыруға болады. Тұрғындар өз еріктерімен тал мен гүл егіп, көркейтуге қолайлы қала екенін ұмытпау керек.