ТАРИХИ ТУЫНДЫ — ТӘРБИЕ ТЕТІГІ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының бастамасымен қала мектептерінде оқушыларға тарихи-танымдық бағыттағы көркем фильмдерді жүйелі түрде көрсету жобасы қолға алынды. Аталған бастама өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға, олардың ел тарихына деген қызығушылығын оятып, өткенді тереңірек танып-білуіне мүмкіндік жасауға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық қадам болып табылады.

Жоба аясында Түркістан қалалық «Мәдениет үйінде» мектеп оқушыларына «Жаужүрек мың бала» тарихи көркем фильмі ұсынылды. Көрсетілім барысында қала әкімінің орынбасары оқушыларға тағылымды ой-пікірін жеткізді.

Мадияр Әліпов: 

– «Тарих – бұл тек өткеннің шежіресі ғана емес, ол – бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани темірқазық. Осындай тарихи фильмдер арқылы біз ата-бабаларымыздың қандай қиын кезеңдерден өтіп, елін, жерін қалай қорғағанын терең сезінеміз. Батырларымыздың ерлігі – жай ғана аңыз емес, ол – әрқайсымыздың жүрегімізде сақталуы тиіс қасиетті мұра. Егер біз өткенімізді құрметтеп, тарихымыздан тағылым алсақ, болашағымыз да баянды болады. Сондықтан сіздерді елін сүйетін, жерін қорғайтын, білімді де парасатты азамат болуға шақырамын. Ұлттық рухы мықты ұрпақ – мемлекеттің ең үлкен байлығы», – деді.

Мұндай тарихи туындылар жас буынның бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, батыр бабаларымыздың ерлігі мен ел қорғаудағы қайсарлығын үлгі етуге жол ашады. Кино арқылы берілетін тағылымды оқиғалар жасөспірімдердің санасына терең әсер етіп, олардың ұлттық болмысын айқындауға ықпал етеді. Батыр да дана халқымыздың қайсарлығы мен парасаты, ел бірлігі мен жер тұтастығын сақтаудағы күресі – бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге. Осындай тарихи мұралар арқылы ұлттың рухани негізі нығайып, ұлттық сана-сезім қалыптасады.

Сонымен қатар, тарихи фильмдер ұлттың өткені мен бүгіні арасындағы алтын көпір іспетті. Олар жас ұрпаққа ата-бабаларымыздың өмір салты, салт-дәстүрі мен дүниетанымы туралы кеңінен мағлұмат беріп, ұлттық құндылықтардың сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Бұл – ел болашағын қалыптастыратын маңызды идеологиялық құралдардың бірі.

Аталған жоба алдағы уақытта қаладағы барлық білім беру ұйымдарында жалғасын тауып, тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады. Ұлттық рухы биік, тарихи санасы қалыптасқан, елінің өткені мен бүгініне бейжай қарамайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу – басты мақсат. Себебі ұлттық рухы асқақ, елжанды ұрпақ қана мемлекетіміздің жарқын болашағын айқындап, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта алады.