БАРИТТІ ЗАҢСЫЗ ҰРЛАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы негізінде өңірде жер қойнауын заңсыз игерудің жолын кесуге бағытталған кешенді рейд ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстық Өнеркәсіп басқармасы, Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және полиция департаментінің арнайы жасақтары жұмылдырылды.
Тексеру барысында заманауи ұшқышсыз аппараттар пайдаланылып, Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылдық округінің Ойық елді мекені маңындағы таулы аумақта рұқсатсыз пайдалы қазба өндіру фактісі анықталды. Анықталғандай, Кентау қаласының екі тұрғыны тиісті лицензиясы мен келісімшарттары болмай-ақ «барит» кенін заңсыз игерген. Бұдан бөлек, олар көршілес Өзбекстан Республикасының азаматын заңсыз еңбекке тартқаны белгілі болды.
Аталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті материалдар жинақталып, Кентау қалалық полиция бөліміне жолданды. Нәтижесінде құқық бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабының 2-бөлігі және 519-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Ал шетел азаматына қатысты 517-баптың 5-бөлігі негізінде әкімшілік хаттама рәсімделіп, іс сот қарауына ұсынылды.
Сонымен қатар, «Меридикт» ЖШС-не берілген 2024 жылғы 22 қарашадағы №3002-EL қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған лицензияны кері қайтарып алу мәселесі қаралуда. Бұл бастама барит өндіру кезінде заң талаптарының және лицензиялық шарттардың сақталмауына байланысты көтерілді. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ресми ұсыныс жолданды.
Жалпы, мұндай рейдтік шаралар аймақта табиғи ресурстарды заңсыз игеруге тосқауыл қоюға, бақылауды күшейтуге және жер қойнауын ұтымды әрі заң талаптарына сай пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.
