НАҚТЫ МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ
Түркістан облысының Полициясы І тоқсанда атқарған жұмыстарын қорытындылады. Жиында жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері сараланып, қоғамдық қауіпсіздік, құқықтық тәртіп, цифрландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағытындағы атқарылған жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Кеңеске департамент бастығы Арыстанғани Заппаров төрағалық етіп, оның орынбасарлары өз бағыттары бойынша есеп берді. Талқылау барысында құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы мен нақты нәтижелері атап өтіліп, полицейлердің тәулік бойғы тынымсыз еңбегі оң бағаланды.
Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар тиімді шаралар жүзеге асырылып, жоғалған балаларды жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде олардың дер кезінде табылуы – қызметкерлердің кәсібилігі мен жедел әрекетінің айқын көрінісі ретінде бағаланды. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізіліп, заңсыз айналымдағы есірткі заттарын анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілгені айтылды.
Жиында жол қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар күшейтіліп, жаңа тәсілдер енгізілуде. Дегенмен, тәртіп бұзушылықтар салдарынан орын алып отырған оқиғаларға байланысты бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыру тапсырылды. «Қорғау – қауіпті жүргізуші» мобильдік қосымшасы арқылы 6 592 автокөлік анықталып, айыптұрақтарға қойылғаны да тиімді цифрлық құралдардың нақты нәтижесін көрсетті.
Сонымен қатар заңсыз қару-жарақтарды анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресті күшейту, интернет-алаяқтықтың алдын алу бағыттары бойынша нақты міндеттер жүктелді. Халықпен кері байланысты нығайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдық ретінде белгіленді.
Электросамокаттарды пайдалану маусымының басталуына байланысты 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап оларды міндетті тіркеу енгізілетіні ескертіліп, осы бағыттағы дайындық жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында өңірде заманауи технологияларды енгізу жұмыстары қарқын алуда. Полиция қызметінде цифрлық шешімдерді кеңінен пайдалану – құқық бұзушылықтардың алдын алудағы тиімді құралға айналып келеді.
Облыстағы 80 ауылдың алкоголь өнімдерін сатудан бас тартуы – құқық бұзушылықтың алдын алудағы маңызды бастама ретінде атап өтілді. Департамент басшысы бұл тәжірибені кеңейтіп, үлгілі ауылдар қатарын арттыруды тапсырды.
Жастар тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыста ашылған 21 «Жас сақшы» сыныбы арқылы оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу, құқықтық мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар психологтардың қатысуымен тәуекел топтағы отбасыларды ерте анықтау және қолдау шараларын күшейту қажеттігі айтылды. «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шараларын тұрақты өткізу тапсырылды.
Жиын қорытындысында «Үлгілі полиция» номинациясы аясында қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, үздік мамандарды ынталандыру, ардагерлер мен тәлімгерлердің тәжірибесін тиімді пайдалану мәселелері көтерілді.
Осылайша, І тоқсан қорытындысы бойынша Түркістан облысы полициясының қызметі нақты нәтижелермен айқындалып, алдағы кезеңге арналған міндеттер жүйеленді. Қоғам тыныштығын сақтау жолындағы тәртіп сақшыларының қажырлы еңбегі мен жауапкершілігі – өңір қауіпсіздігінің басты кепілі екені тағы бір мәрте дәлелденді.
