ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС: ШЕКАРА АЙМАҚТАРЫ ТОЛЫҚ БАҚЫЛАУДА

ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін шегірткеге қарсы мониторинг аясында 325,09 мың гектар жер зерттеліп, оның 86,23 мың гектарында зиянкестің экономикалық зиян шегінен асқаны анықталған. Қазіргі таңда 65 секторда 290 арнайы техника мен 74 су тасымалдау көлігі жұмылдырылып, химиялық өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес және Сарыағаш аудандарына арнайы барып, шекаралық аймақтардағы фитосанитариялық жағдаймен танысты. Жұмыс сапарына барысында үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларының барысын бақылап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Келес ауданында зиянкестердің ошақтарын анықтау жұмыстарына 351 адам тартылған. Нәтижесінде 36 285 гектар алқап химиялық өңдеуден өтті. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевтың мәліметінше, өңірдегі фитосанитариялық ахуал тұрақты. Дәрілеу жұмыстарына 116 техника қатысып, белгіленген жоспарға сәйкес жұмыстар уақытылы атқарылуда.

Ал Сарыағаш ауданында 175 анықтаушы жұмылдырылып, бүгінгі күнге дейін 17 021 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген. Мамандардың айтуынша, негізгі қауіпті ошақтар толық қамтылып, бақылау үздіксіз жүргізілуде.

Көршілес мемлекеттермен шектесетін аумақтардағы жағдай да тұрақты бақылауда. Қауіптілігі жоғары аймақтарды орталық штаб жанындағы арнайы жұмыс тобы күнделікті қадағалап отыр. Жауапты құрылымдарға жедел әрекет ету топтарын күшейтіп, қажетті жағдайда шұғыл шара қабылдау тапсырылған.

Сонымен қатар егістік алқаптарын қорғау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Анықтаушылар санын көбейту, техникалардың толық қуатта жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында нақты міндеттер белгіленді. Бұл – алқаптарды зиянкестерден сақтап, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Жалпы, өңірде шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мамандардың үйлесімді іс-қимылы мен техникалық мүмкіндіктердің тиімді пайдаланылуы нәтижесінде фитосанитариялық ахуал тұрақты сақталып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ауыл шаруашылығы саласының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, диқандар еңбегінің нәтижелі болуына берік негіз қалыптастыруда.