ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕУ ҚАЛДЫ
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Сарыағаш ауданында көктемгі көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру бойынша кешенді іс-шаралар өткізілді. Аталған жұмыстар Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан берілген елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі тапсырмаларға сәйкес жүзеге асырылуда.
Іс-шара барысында республикалық маңызы бар А-15 автожолы бойында орналасқан, алдағы уақытта жасыл желек саябағына айналдыру жоспарланған 4 гектар аумаққа 1000 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Аталған игі іске аудан әкімі, мемлекеттік қызметшілер, жастар және еріктілер белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.
Сонымен қатар аудан көлемінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар мен елді мекендердің ішкі көшелері тазартылып, арық-атыздар аршылды, шөп шабу, сырлау және әктеу жұмыстары орындалды. Жалпы сенбілікке 1980 адам қатысып, 20 арнайы техника жұмылдырылды. Қорытындысында 30 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылды. Бұдан бөлек, 65 көше, 30 аялдама, 15 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 17 саябақ пен сквер, 17 спорт алаңшасы, 55 шақырым арық-атыз және 9 шақырым ирригациялық жүйе тазартылды.
Осы ретте, жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарымен қатар, қалдықтарды тиімді басқару мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін кезең-кезеңімен енгізу экологиялық ахуалды жақсартудың маңызды бағыты болып табылады. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Жалпы, тұрақты түрде өткізілетін санитарлық тазалық және көгалдандыру шаралары ауданның көркейіп, тұрғындардың экологиялық мәдениетінің қалыптасуына оң ықпал етуде. Әрбір тұрғынның тазалыққа жауапкершілікпен қарауы – өңірдің тұрақты дамуының маңызды құрамдас бөлігі.
Қалдықтарды өңдеу – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және экономикалық тиімділікті арттырудың маңызды тетігі. Қалдықтарды өңдеу – тек тазалықты сақтау емес, ол экономиканы дамыту, ресурстарды үнемдеу және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды бағыты. Қазақстан үшін де бұл бағытты дамыту – уақыт талабы.
