АС-АУҚАТСЫЗ ҚАЛДЫРМАДЫ

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Арыс қаласында «Жасыл болашақ» ұранымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара Стадион тұрғын ауданындағы қыр беткейінде өтіп, қала тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдырған маңызды бастамаға айналды.

Игі шараға қала әкімі Қайсар Маңқараевтың бастауымен ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, теміржолшылар, депутаттар, түрлі мекеме ұжымдары, ерікті жастар және қала тұрғындары белсене қатысты. Көпшіліктің ұйымшылдығы мен белсенділігі нәтижесінде сенбілік жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тазалық шарасында қатысушылар Стадион аумағындағы бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтарды жинап, ұзақ уақыт қараусыз қалған аумақты ретке келтірді. Бұған дейін қоқыс тастайтын орынға айналып кеткен қыр беткейі тазартылып, қоршаған ортаға қауіп төндіріп тұрған қалдықтар толықтай жиналды. Жиналған қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен қала аумағындағы полигонға шығарылып, санитарлық талаптарға сай өңделді.

Сенбілік барысында қала әкімі тазалық жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, қала тазалығы мен экологиялық тәртіпті сақтау — баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен арыстық кәсіпкерлер де шарадан шет қалмады. «Abeke plov» мейрамханасы сенбілікке қатысушыларға палау таратып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, «Арыс минералды су» кәсіпорны мен «ХАН» фастфуд орталығы тұрғындарға салқын су ұсынып, «Хадиша таба нан» орталығы ыстық нан таратты. Бұл — кәсіпкерлердің туған жерге деген жанашырлығы мен әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Сондай-ақ, қоғамдық іске белсенді атсалысқан азаматтарға Mobibo электронды сауда орталығы тарапынан түрлі техникалар табыс етілді. Бұдан бөлек, тағы 10 тұрғынға өнер иесі Ержан Қайратұлының жеке шығармашылық кешіне арнайы билеттер беріліп, олардың еңбегі жоғары бағаланды.

Бұл сенбілік тек тазалық шарасы ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне назар аудартты. Қала аумағында көпшілік мән бермейтін, қоқыс тастайтын орынға айналып кеткен аумақтар аз емес. Осындай жерлер уақыт өте келе экологиялық тұрғыдан қауіпті аймаққа айналып, тұрғындардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан мұндай орындарды тек тазалап қана қоймай, оларды көгалдандырып, ағаш отырғызу арқылы қайта жандандыру – аса маңызды міндет.

Ағаш егу – тек қоршаған ортаны көркейту ғана емес, ауаның сапасын жақсартуға, шаң-тозаңды азайтуға, жаздың аптап ыстығын бәсеңдетуге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Әсіресе, бұрын қоқыс алаңына айналған жерлерге тал отырғызу арқылы сол аумақты қайта тірілтіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға болады. Бұл – болашақ ұрпаққа таза әрі жасыл орта қалдырудың нақты жолы.

Халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек»  деген даналық сөзі осындай сәттерде ерекше мәнге ие. Әрбір отырғызылған ағаш – келешекке жасалған игі іс, табиғатқа деген жанашырлық таныту.

Арыс қаласында өткен «Жасыл болашақ» сенбілігі – тазалық пен қоғамдық жауапкершілікті ұштастырған тағылымды шара болды. Бұл бастама тұрғындарды бейжай қарамауға, қоршаған ортаны қорғауға және туған жердің көркеюіне үлес қосуға үндейтін маңызды қадам ретінде өз жалғасын табады.