ҰРЫ ҰСТАЛДЫ
Кентау қаласында ақша қаражаты мен алтын бұйымдар сақталған сейфті ұрлау фактісі тіркелді. Аталған қылмыс бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, екі күдікті түнгі уақытта жеке тұрғын үй аумағына заңсыз кіріп, пластикалық терезені бұзу арқылы үй ішіне енген. Олар сейфті алып шығып кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, сейф ішінде 300 АҚШ доллары және шамамен 4 миллион теңгеге бағаланған алтын әшекейлер болған.
Хабарлама түскен сәттен бастап Түркістан облысы полиция департаменті криминалдық полиция қызметкерлері Кентау қалалық полиция бөлімімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Тергеу барысында бейнебақылау жазбалары зерделенді.
Жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде күдіктілердің жеке басы бір тәулік ішінде анықталды. Олардың бірі Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерден ұсталды, ал екіншісі Астана қаласында анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Тергеу барысында күдіктілердің қылмысты алдын ала жоспарлағаны және «оңай олжа табу» мақсатында әрекет еткені белгілі болды. Ұрланған сейф ашылып, ішіндегі алтын бұйымдар келесі күні ломбардқа өткізілген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.
Құқық қорғау органдары ескертеді: бөтеннің мүлкін ұрлау — ауыр қылмыс және заң алдында міндетті түрде жауапкершілікке әкеп соғады.
