МЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ ЖАРЫСАДЫ
Түркістан қаласында Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған облыстық спартакиада өз бастауын алды. Дәстүрлі түрде өткізілетін ауқымды спорттық іс-шараға облыстың қала және аудандарынан, сондай-ақ өңірлік басқармалар мен департаменттерден келген 1000-ға жуық мемлекеттік қызметші қатысуда. Аталған жарыс мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың дене белсенділігін арттыруға, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға және әріптестер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға табыс пен жеңіс тіледі. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал еңбек ету мен халық сенімін ақтауға негізделген аса жауапты сала. Мұндай маңызды міндеттерді жоғары деңгейде орындау үшін мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігімен қатар, денсаулығы мықты, рухы сергек болуы ерекше мәнге ие.
Облыс әкімінің орынбасары спорттың тек денсаулық кепілі ғана емес, сонымен бірге тәртіптің, табандылықтың, ұйымшылдықтың және мақсатқа ұмтылудың тиімді құралы екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуға тұрақты түрде басымдық беріп келе жатқанын жеткізді. Президенттің тікелей қолдауының нәтижесінде елімізде дене шынықтыру және спорт саласы жүйелі түрде дамып келеді.
Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Өткен жылы өңірде 102 спорт нысанының құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Биыл тағы 20 спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
Биылғы облыстық спартакиада аясында мемлекеттік қызметшілер спорттың бірнеше түрінен бақ сынайды. Атап айтқанда, қатысушылар шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, шахмат, киберспорт, баскетбол 3х3 және қазақ күресі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Жарыстар 19–22 мамыр аралығында Түркістан қаласындағы заманауи спорт кешендерінде өтуде. Қорытындысында жалпыкомандалық есепте үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы кубоктармен марапатталады. Ал жекелеген спорт түрлері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табысталады.
Аталған спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты кеңінен дамыту, салауатты өмір салты қағидаттарын орнықтыру, ұжымдық бірлікті арттыру және әріптестік қарым-қатынасты нығайту. Сонымен бірге жарыс нәтижесінде спорт түрлері бойынша Түркістан облысының үздік құрамы жасақталып, республикалық деңгейдегі додаға қатысатын команда іріктеледі. Жеңімпаздар шілде айында өтетін мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадада өңір намысын қорғайды.
Әлемдік тәжірибеде мемлекеттік аппараттағы қызметкерлер саны елдің халқының санына, басқару құрылымына және мемлекеттік қызметтің ұйымдастырылу моделіне тікелей байланысты. Абсолюттік көрсеткіш бойынша мемлекеттік қызметшілер саны ең көп елдердің қатарында Қытай, Үндістан және АҚШ-та бар. Қытайда орталық және жергілікті басқару органдарында, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерде ондаған миллион адам еңбек етеді. Үндістанда да халқының көптігіне байланысты мемлекеттік қызмет жүйесі аса ауқымды болып саналады. Ал, АҚШ-та федералдық, штаттық және жергілікті деңгейлерді қоса алғанда мемлекеттік секторда миллиондаған қызметкер жұмыс істейді.
Халқы аз мемлекеттерде мемлекеттік қызметшілер саны да салыстырмалы түрде төмен болады. Мысалы, Тувалу, Науру және Монако сияқты шағын мемлекеттерде мемлекеттік аппараттағы қызметкерлер саны бірнеше жүз немесе бірнеше мың адамнан аспайды. Соған қарамастан, бұл елдерде де мемлекеттік басқару жүйесі тиімді ұйымдастырылып, халыққа қажетті қызметтер толық көлемде көрсетіледі.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет институты кәсібилік, ашықтық және меритократия қағидаттарына негізделген. Елдегі мемлекеттік қызметшілер азаматтардың әл-ауқатын арттыру, өңірлерді дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды сапалы іске асыру жолында ауқымды міндеттер атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістанда өтіп жатқан облыстық спартакиада мемлекеттік қызметкерлердің тек кәсіби әлеуетін ғана емес, олардың физикалық дайындығы мен командалық бірлігін де нығайтатын маңызды алаң болып табылады.
Түркістан облысында ұйымдастырылып отырған бұл дәстүрлі спорттық дода мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететін азаматтардың қоғам алдындағы жауапкершілігін, салауатты өмір салтына деген ұстанымын және ортақ мақсат жолындағы ауызбіршілігін айқын көрсетеді. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметтің беделін арттырып қана қоймай, қызметкерлердің кәсіби және адами қасиеттерін одан әрі дамытуға ықпал етеді.
