ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҮШІН МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ТӘРТІБІНЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Түркістан облысында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, халық арасында туындауы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу, әлеуметтік маңызы бар мәселелерге жедел ден қою және өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осыған байланысты бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен кезекті апталық штаб мәжілісі өтті.

 

Жиынға Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Тіленшин, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, Түркістан облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алихан Алентаев, Түркістан облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Асқаров және Түркістан облысы Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Абуов қатысты. Басқосуда өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мектеп бітіру іс-шараларын бақылау, ақпараттық кеңістіктегі ахуалды саралау және Құрбан айт мерекесіне дайындық мәселелері жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібінде «Ақпараттық-талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ресурстары арқылы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жүргізілетін мониторинг жүйесі және сол бойынша шешім қабылдау алгоритмінің жобасы қаралды. Жауапты тұлғалар ақпараттық кеңістіктегі әрбір өзекті мәселеге уақытылы үн қатып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге қоғам арасында жалған ақпараттың таралуына жол бермеу, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Штаб отырысында мектеп бітірушілердің қатысуымен ұйымдастырылатын іс-шаралар кезіндегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау мәселесі кеңінен сөз болды. Әсіресе соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кезеңінде орын алуы мүмкін тәртіп бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Жауапты мекемелерге білім беру ұйымдары маңында, халық көп жиналатын орындарда, демалыс аймақтарында және көлік қозғалысы қарқынды аумақтарда бақылауды күшейту міндеттелді.

Жиын барысында облыс көлемінде мектеп бітіру кештерін, банкеттерді, автокортеждер мен түрлі көлік шерулерін ұйымдастыруға жол берілмейтіні қатаң ескертілді. Сонымен қатар мейрамханаларда, кафелерде, ойын-сауық орындарында, демалыс аймақтарында және табиғат аясында мектеп бітіруге байланысты салтанатты жиындар өткізуге тыйым салынатыны айтылды. Аттестат пен диплом табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында, белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылады. Бұл талаптардың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін сақтау, құқықбұзушылықтарға жол бермеу және оқушылардың өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қатерлердің алдын алу.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев 25 мамыр күні оқушылар тарапынан заңсыз автокортеждер, көлік шерулері және рұқсат етілмеген өзге де іс-шараларды болдырмау үшін рейдтік жұмыстарды, түсіндіру шараларын және патрульдік бақылауды барынша күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге бітіру рәсімдері өтетін білім беру ұйымдарының маңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, балалар мен тұрғындар жиі шоғырланатын демалыс орындарында қауіпсіздік рейдтері мен кезекшіліктерді көбейту жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Жиында сөз алған жауапты басқарма өкілдері мен құзырлы орган қызметкерлері бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты бақылауда ұстап отыру қажеттігін жеткізді. Әрбір мекемеге өз құзыреті аясында тиісті шараларды дер кезінде қабылдау, тұрғындармен кері байланысты күшейту және профилактикалық жұмыстарды жандандыру тапсырылды.

Мәжілісте жасөспірімдердің тәрбиесіне ата-аналардың жауапкершілігі ерекше екені де айтылды. Бала тәрбиесі – тек мектептің немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес, ең алдымен ата-ананың парызы мен жауапкершілігі. Сондықтан мектеп бітіру кезеңінде әрбір ата-ана өз перзентінің қауіпсіздігіне, тәртібіне және қоғамдық ортадағы әрекетіне мұқият болуы қажет екені ескертілді. Өйткені тәртіпке бас иген елдің ұрпағы ешқашан ұтылмайды. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қағида қоғам тұрақтылығының, қауіпсіздіктің және ел болашағының басты кепілі саналады. Заң мен тәртіпке құрметпен қарау – өркениетті қоғамның негізгі белгісі.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Түркістан облысындағы 1106 орта мектепте 554 776 оқушы білім алуда. Оның ішінде 940 мемлекеттік мектепте 499 780 оқушы, ал 166 жекеменшік мектепте 54 996 оқушы оқиды. Биыл 9-сыныпты 47 174 оқушы аяқтаса, 11-сыныпты 35 294 түлек бітіреді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 30 682 түлек өтініш берген. Бұл 11-сынып бітірушілерінің 87 пайызын құрайды.

Өңірде мектеп бітіру маусымын жоғары деңгейде ұйымдастыру, түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Облыс аумағында құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері және жауапты басқармалар күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп, кез келген заңбұзушылықтың алдын алуға басымдық береді.