ТАЛАП-ТІЛЕКТЕР ОҢ ШЕШІМІН ТАБАДЫ
Түркістан облысында тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, әлеуметтік және құқықтық сипаттағы түйткілдерді дер кезінде шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңір тұрғындарын жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдады. Қабылдау барысында халық тарапынан жер телімдерін заңдастыру, жердің нысаналы мақсатын өзгерту, инфрақұрылым мәселелері, құжаттандыруға қатысты түйткілдер және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер көтерілді.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары әрбір тұрғынның өтініші назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Азаматтардың талап-арыздары заң аясында қаралып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдануы қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар жауапты басқармалар мен сала жетекшілеріне тұрғындардың мәселесін жан-жақты зерделеп, әрбір өтінішке қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нақты жауап беру жөнінде тапсырма жүктеді. Сондай-ақ халықпен кері байланысты күшейтіп, түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдаулары мен ресми баяндамаларында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басты қағидалардың бірі ретінде айқындап келеді. Президент атқарушы билік өкілдеріне жергілікті тұрғындардың мәселесіне бейжай қарамай, халықпен тұрақты байланыс орнату арқылы түйткілдерді жедел әрі тиімді шешуді тапсырған болатын. Осы бағытта еліміздің барлық өңірінде азаматтарды қабылдау жұмыстары күшейтіліп, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде. Түркістан облысында ұйымдастырылып жатқан мұндай қабылдаулар да осы міндеттердің жүйелі жалғасы саналады.
Жеке қабылдау кезінде тұрғындардың көтерген мәселелері тек тыңдалып қана қоймай, оларды шешудің құқықтық тетіктері түсіндірілді. Әсіресе жер қатынастарына байланысты сұрақтар бойынша заң талаптарын сақтау, құжаттарды рәсімдеу тәртібі және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде кеңінен мәлімет берілді. Азаматтар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер де назарға алынып, оларды тиісті сала мамандарымен бірге қарастыру қажеттігі ескертілді.
Өңір басшылығы халықпен ашық диалог орнату мемлекеттік қызметтің басты қағидаларының бірі екенін алға тартып отыр. Себебі тұрғындардың күнделікті өмірінде туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу — мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Осыған байланысты облыс әкімдігі тұрғындарды қабылдау жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырып, әрбір азаматтың өтінішіне заң шеңберінде назар аударуға басымдық беруде.
Айта кету керек, Түркістан облысының әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды тұрақты түрде қабылдап келеді. Бұл жұмыстар азаматтардың мемлекеттік органдарға тікелей жүгініп, өз мәселелерін ашық түрде жеткізуіне мүмкіндік береді. Жеке қабылдауға жазылу үшін тұрғындар eOtinish бірыңғай платформасы арқылы өтініш қалдыра алады немесе Азаматтарды қабылдау орталығына барып тіркелуіне болады. Мұндай жүйелі жұмыстар билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
