ҚОҒАММЕН ТИІМДІ КОММУНИКАЦИЯ ОРНАТЫЛМАҚ

Түркістан қаласында мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыру және қоғаммен байланысты нығайту мәселелеріне арналған өңірлік штаб отырысы өтті. Мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев төрағалық етті. Басқосу барысында өңірдегі ақпараттық саясаттың орындалу барысы, мемлекеттік мекемелердің медиа кеңістіктегі белсенділігі және халықпен өзара байланысты күшейту бағытында атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланды.

Штаб отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Жұмашбеков, Ақпараттық талдау орталығы КММ директоры Айдар Сейдазым және Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Төребек Байтасов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Баяндамаларда әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға ден қою тетіктері, мемлекеттік органдар ұсынатын жауаптардың сапасы мен мерзімі, сондай-ақ қоғамда жиі көтерілетін мәселелерге жүргізілген мониторинг нәтижелері кеңінен талқыланды.

Отырыста заң мен тәртіп қағидаларын насихаттау, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын ілгерілету, интернет-алаяқтықтың алдын алу, есірткіге қарсы күрес, жол қозғалысы қауіпсіздігі, балаларды қорғау және жаз мезгіліндегі дала өрттерінің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барысы да назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе халыққа берілетін ресми ақпараттың шынайылығы мен жеделдігіне басымдық беру қажеттігі айтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде айқындап келеді. Президент мемлекеттік органдарға халықпен ашық әрі тұрақты байланыс орнатуды тапсырса, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ел мен билік арасындағы алтын көпір деп атап, журналистердің басты міндеті – ақиқатты айту, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеру екенін бірнеше мәрте айтқан болатын. Осы қағидаттар өңірдегі ақпараттық саясатты жүзеге асыруда негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы жауапты басқармалар мен сала жетекшілеріне мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы іске асыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту, әлеуметтік желілер мен медиакеңістікте көтерілген мәселелерге жедел әрекет ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар ресми ақпараттың мазмұны мен сапасын арттыру, халықтың сұранысына сай түсіндіру жұмыстарын жандандыру және қоғаммен тиімді коммуникация орнату бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.