ТҮРКІСТАНДА ЖАСАЛҒАН ӨНІМДЕР АСТАНАНЫҢ КӨРМЕСІНДЕ

Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі өз жұмысын бастады. Ulttyq Ónim – 2026 аясында еліміздің барлық аймақтарынан келген 600-ден астам шағын және орта бизнес өкілдері өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып жатыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған биылғы көрме ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған ең ірі алаңдардың бірі ретінде ерекшеленуде. Іскерлік байланысты нығайтуға, жаңа нарықтарды игеруге және қазақстандық өнімдерді кеңінен насихаттауға бағытталған шара ел кәсіпкерлері үшін маңызды платформаға айналып отыр.

Ауқымды көрмеге Түркістан облысынан 25 кәсіпорын қатысып, өңірдің өндірістік әлеуетін, кәсіпкерлік қарқынын және экспорттық мүмкіндіктерін таныстыруда. Облыс кәсіпорындары ауыл шаруашылығы өнімдерінен бастап құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі және химия саласына дейінгі түрлі бағыттағы өнімдерін ұсынып, отандық тауарлардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін паш етуде. Бұл — соңғы жылдары Түркістан облысында өндіріс көлемінің артып, тауар өндірушілер қатарының едәуір көбейгенінің нақты көрінісі.

Көрме аясында табиғи және экологиялық таза өнімдер өндіретін кәсіпорындарға ерекше қызығушылық байқалуда. Атап айтқанда, «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС табиғи алма шырынын, «AYKAN» ЖШС «Эмир» ірімшігін, «ҚАРҚЫН-2030» ЖШС шұжық және ет өнімдерін таныстыруда. Сонымен бірге «BEIBARS BOTTLERS» компаниясы RC Cola сусындарын, «Балмуздак» ЖШС «Ленгерское» балмұздағын, «Нұр-Агро 73» ЖШС мақта өнімдерін көпшілік назарына ұсынуда. Өңірдегі өнеркәсіптің дамып келе жатқанын құрылыс материалдары мен өндірістік бағыттағы кәсіпорындардың көрмеге белсенді қатысуынан да байқауға болады. Мәселен, «Trans Cable» ЖШС кабель өнімдерін, «QAZAQ BITUM Processing» компаниясы битум өнімдерін, «QazEcoPack» ЖШС қаптама материалдарын, «Шораев» ЖК арнайы қорғаныш аяқ киімдерін, ал «Quraq Group» ЖШС жұмсақ жиһаздарын таныстырып жатыр.

Көрменің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша басымдық беріп отырғаны, кәсіпкерлікті қолдау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді. Президент ел экономикасын әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін күшейту мақсатында жыл сайын елімізде екі жүзге жуық жаңа кәсіпорын ашу жөнінде нақты міндет жүктеген болатын. Осы тапсырманы орындау бағытында Түркістан облысында өндірістік жобалар саны артып, жаңа кәсіпорындар іске қосылып келеді. Соның нәтижесінде өңірде жұмыс орындары көбейіп, ішкі нарықты отандық өніммен қамту деңгейі артуда.

Бүгінде Түркістан облысы өндіріс саласында қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың біріне айналды. Өңірде индустриялық аймақтар мен шағын өндіріс алаңдары кеңейіп, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері белсенді ұсынылуда. Импортты алмастыру, экспорт көлемін ұлғайту, жаңа технология енгізу және өңделген өнім үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде облыстың инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, жергілікті тауар өндірушілердің бәсекелік қабілетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі тек өнім таныстыратын алаң ғана емес, тәжірибе алмасуға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға арналған маңызды іскерлік кеңістік саналады. Іс-шара барысында панельдік сессиялар, B2B кездесулер, нетворкинг алаңдары және кәсіпкерлерге арналған тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылуда. Қатысушылар франчайзинг, салықтық жоспарлау, команда қалыптастыру және бизнесте жасанды интеллектіні пайдалану бағыттарында тегін шеберлік сабақтарына қатысу мүмкіндігіне ие болуда.

Сонымен қатар көрме қонақтарына арналған мәдени-танымдық бағдарламалар да қарастырылған. Танымал өнер жұлдыздары мен блогерлердің қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, «Халық таңдауы» онлайн байқауы мен арнайы сыйлықтар ұтысы өткізілуде. Мұндай бастамалар көрменің іскерлік мазмұнын ғана емес, оның қоғамдық маңызын да арттыра түсуде.

«Ulttyq Ónim» көрмесі мемлекеттік қолдау алған қазақстандық компаниялардың өнімдері мен қызметтерін насихаттайтын ең ірі ұлттық алаңдардың бірі саналады. Мұнда азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі тауарлары, машина жасау өнімдері, медициналық бұйымдар, жиһаз, арнайы киімдер мен қаптама материалдары ұсынылуда.

2025 жылдың өзінде Үкімет тарапынан «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікті қолдауға 560 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде жалпы несие көлемі 2,2 триллион теңгені құрайтын шамамен 13 мың жобаға қолдау көрсетіліп, 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бұдан бөлек, 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, кәсіпорындар тарапынан 27,7 триллион теңгенің өнімі өндірілді. Бюджетке шамамен 2 триллион теңге көлемінде салық түсімдері түскен. Бұл көрсеткіштер еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау саясатының нақты нәтижесін айқындайды.