ЕЛ ЕРТЕҢІНІҢ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ КҮШІНЕ АЙНАЛАТЫН ТҮРКІСТАН ТҮЛЕКТЕРІ МЕКТЕП БІТІРДІ
Түркістан облысында 2025–2026 оқу жылы салтанатты түрде қорытындыланып, барлық білім беру ұйымдарында мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен дәстүрлі «Соңғы қоңырау» іс-шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Биылғы мерекелік жиындар «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында өтіп, жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Білім ордаларында арнайы тәрбие сағаттары өткізіліп, түлектерге қоғамдық тәртіпті сақтау, жеке қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Айрықша мерекелік басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектебінің ұстаздары мен оқушыларын оқу жылының табысты аяқталуымен құттықтады. Өңір басшысы мектеп бітіруші жастарға ақ жол тілеп, ұстаздардың қоғам алдындағы еңбегіне зор ризашылығын білдірді.
Нұралхан Көшеров:
– Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен және «Соңғы қоңырау» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін – балалық шақтың алтын дәуренімен қимай қоштасып, үлкен өмірге алғашқы сенімді қадам жасайтын сәт. Бұл күн – жүректе мәңгі сақталатын естелік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімді ұрпақ – еліміздің басты байлығы, мемлекетіміздің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігінің негізі», деп атап өткен болатын. Шынында да, білім – жай ғана мамандыққа апарар жол емес. Білім – адамды биікке көтеретін күш. Қазіргі заман – білім мен бәсекенің заманы. Әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, жаңа технология, ғылым мен инновация дамыған дәуірде табысты ел болудың бір ғана жолы бар. Ол – сапалы білім, еңбекқор ұрпақ және озық ойлы жастар. Сондықтан сендерге артылар сенім де, жауапкершілік те үлкен. Біз сендердің білімді, рухы мықты, туған жерін сүйетін, ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасуларыңа сенеміз. Биыл облыс бойынша 35 мыңнан астам түлек мектепті аяқтап, үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Олардың арасында «Алтын белгіге» үміткер 2416 оқушы, «Үздік аттестатқа» үміткер 3141 түлек бар. Бұл – шәкірттердің талабы мен табандылығының, ұстаздардың өлшеусіз еңбегінің жемісі. Сендер – Тәуелсіз Қазақстанның ең еркін, ең ақылды, ең батыл буынысыңдар. Осыдан бірер күн бұрын ғана Түркістанда өткен түркі мемлекет басшыларының тарихи Саммитінде біз қаламызды Түркі әлемінің рухани орталығы ретінде паш еттік. Енді сол ұлы тарихты алға сүйрейтін де, Түркістанды заманауи мегаполиске айналдыратын да – сендерсіңдер! Ешқашан армандаудан қорықпаңдар! Бүгінгі әлем – IT, жасанды интеллект, стартаптар мен жаһандық инновациялар заманы. Диплом алу – мақсат емес, білімді өмірде қолдана білу, креативті болу – басты тренд. Өздеріңе сеніңдер, бойларыңдағы жастық жалынды еліміздің, туған жеріміздің дамуына бағыттаңдар. Нағыз патриотизм – сөзде емес, білім мен еңбекте. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз бен төзімділіктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Түлектерімізге жарқын болашақ тілеймін, – деді.
Бүгінде Түркістан облысы білім беру саласында республикадағы көшбасшы аймақтардың біріне айналып отыр. Өңірдегі 1 106 орта мектепте 554 мыңнан астам оқушы білім алып, оқу жылын сәтті аяқтады. Бұл – еліміздегі жалпы оқушылар санының 14,2 пайызына тең көрсеткіш. Аталған мәлімет облыстың демографиялық әлеуетімен қатар, білім жүйесіне деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады.
2025–2026 оқу жылында облыс бойынша 35 294 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның ішінде 2 416 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 3 141 оқушы «Үздік аттестаттан» үміт күтіп отыр. Сонымен қатар 31 535 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтінім берген. Бұл жастардың жоғары білім алуға деген ынтасының артып келе жатқанын көрсетеді.
Білімді болу – бүгінгі қоғамда тек жақсы мамандық иесі атанудың ғана емес, елдің дамуына үлес қосудың басты алғышарты. Сапалы білім адамға сыни ойлау қабілетін қалыптастырып, жаңа технологияларды меңгеруге жол ашады. Ғылым мен инновацияға бейім ұрпақ қана мемлекеттің экономикалық қуатын арттырып, жаһандық бәсекеде табысқа жетелей алады. Қазіргі таңда еңбек нарығында бірнеше тілді меңгерген, цифрлық сауатты, шығармашыл әрі бастамашыл жастарға сұраныс жоғары. Сондықтан мектеп қабырғасынан алынған білім – болашақ жетістіктің берік іргетасы.
Өңір оқушыларының жетістіктері де жылдан-жылға артып келеді. Ауыл мектептерінің оқушылары арасында өткен республикалық олимпиадада Түркістан облысының командасы тұңғыш рет Бас жүлдені иеленіп, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына қол жеткізді. Сонымен бірге халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының облыстық кезеңдеріне 5 980 оқушы қатысып, 2 691 оқушы жүлделі орындарды жеңіп алды. Республикалық кезеңге 330 оқушы жолдама алып, оның 169-ы жүлдегер атанды. Ал халықаралық білім додаларына қатысқан 21 оқушының 14-і үздік нәтиже көрсетті.
9–11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық пән олимпиадасына 74 оқушы қатысып, 20 оқушы жүлделі орын иеленді. Бұл көрсеткіштер өңірдегі дарынды балаларды қолдау жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын дәлелдейді.
Түркістандық жас өнертапқыштар халықаралық робототехника саласында да ел мерейін үстем етті. АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп-интернатының «TOLEBI DARYN» командасы FIRST LEGO League Challenge санаты бойынша әлемнің үздік бес командасының қатарына еніп, Champions Award финалисті атанып, ІІ орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Қазығұрт ауданының Qazygurt командасы Грекия мемлекетінде өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Байқауға әлемнің 56 елінен жас инженерлер қатысқан.
Бұл табыстар Түркістан облысында білім сапасын арттыру, дарынды жастарды қолдау және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді. Өңірде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, оқушыларға халықаралық деңгейдегі жобалар мен ғылыми байқауларға қатысуға мүмкіндік беру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді.
Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында облыста 20 білім беру ұйымы пайдалануға берілсе, оның 16-сы «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған. Бұл бастама ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтып, оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Түркістан облысының білім саласындағы оң өзгерістері – ұстаздардың тынымсыз еңбегі, оқушылардың талпынысы және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың жарқын нәтижесі. Білімді, жаңашыл және елжанды ұрпақ қалыптастыру жолындағы мұндай бастамалар өңірдің ғана емес, тұтас Қазақстанның болашағын айқындайтын маңызды қадамдардың бірі болып саналады.
