ТҮРКІСТАНДА ҚУАТЫ 300 МВт БОЛАТЫН КҮН ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ САЛЫНУДА
Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы ауқымды жобалардың бірі – қуаттылығы 300 МВт болатын фотоэлектрлік және энергия сақтау жүйесі кешенінің (ФЭС және ЭСЖ) құрылысы қарқынды жалғасып жатыр. Өңірде жобаның алғашқы партиясына арналған қадалы іргетасты құю рәсімі өтіп, нысанның негізгі құрылыс кезеңіне ресми түрде көшуі жарияланды. Бұл бастама тек Түркістан облысының ғана емес, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл» экономикаға көшу саясатының маңызды бөлігі саналады.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, инвесторлар, энергетика саласының мамандары және жауапты мекеме жетекшілері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде баламалы энергетиканы дамытуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайтуға ерекше басымдық беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері күн энергетикасын дамытуға өте қолайлы.
Нұралхан Көшеров:
– Өткен жылдың желтоқсан айында осы жобаның іргетасын қалап, капсула салу рәсімін бірге өткізген болатынбыз. Бүгін құрылыс жұмыстарын ресми түрде бастап отырмыз. Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайы баламалы энергия көздерін дамытуға өте қолайлы. Қуаттылығы 300 МВт болатын бұл күн электр станциясы өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі деп сенемін, – деді.
Өңір басшысы сондай-ақ жобаны іске асыру барысында облыс әкімдігімен қатар Үкімет пен тиісті министрліктер тарапынан кешенді қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісі екенін айтты.
Кездесу барысында «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй аталған құрылыс кезеңінің Қытай мен Қазақстан арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның сөзінше, компания «Самұрық-Энерго» АҚ секілді серіктестермен бірге жобаны халықаралық талаптарға сай жүзеге асыруға күш салады.
Сонымен қатар «Qazaq Green Power PLC» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Амиртаев пен өзге де жауапты тұлғалар құрылыс жұмыстарының барысы жөнінде баяндап, өңір басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Жобаның уақыт капсуласы өткен жылдың желтоқсан айында салынған болатын. Содан бері аумақта жер жұмыстары толық аяқталып, күн электр станциясына қажетті кеңсе, жатын орын және қойма нысандары бой көтерді. Бүгінде негізгі технологиялық қондырғыларды орнату кезеңі басталды.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл фотоэлектрлік-энергия сақтау жобасының жалпы инвестициялық көлемі шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл – ШЫҰ саммитінен кейін Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында жасалған негіздемелік келісім аясында іске асырылатын алғашқы жоба. Ірі инвестициялық бастама өңір экономикасына тың серпін беріп, құрылыс кезеңінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін күн электр станциясы жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өңірдің энергетикалық теңгерімін жақсартып қана қоймай, көміртек қалдықтарын азайтуға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қоспақ. Мамандардың пікірінше, жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану атмосфераға бөлінетін зиянды газдардың көлемін қысқартып, климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды рөл атқарады.
Жалпы, «жасыл» энергетика – әлем елдері үшін стратегиялық маңызы жоғары бағыттардың біріне айналды. Күн және жел энергиясын пайдалану арқылы мемлекеттер көмір мен мұнайға тәуелділікті азайтып, энергия қауіпсіздігін нығайтуға ұмтылуда. Әсіресе Қытай бүгінде күн энергетикасын ең көп қолданатын мемлекеттердің көшін бастап тұр. Сонымен қатар АҚШ, Германия, Үндістан және Испания секілді елдер де баламалы энергия көздерін дамытуға миллиардтаған инвестиция құйып келеді. Бұл мемлекеттерде күн электр станциялары тек энергия өндіру көзі ғана емес, инновация мен жаңа технологиялардың қозғаушы күшіне айналған.
Күн энергетикасының басты артықшылықтарының бірі – оның сарқылмайтын әрі экологиялық таза қуат көзі екендігі. Мұндай станциялар ауаға зиянды қалдық шығармайды, су ресурстарын аз пайдаланады және ұзақ мерзімде электр энергиясының өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа технологиялар мен энергия сақтау жүйелерінің дамуы күн энергиясының тиімділігін арттырып, оны тұрақты қуат көзі ретінде пайдалануға жол ашуда.
Түркістан облысында қолға алынған алып жоба еліміздің энергетикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық серіктестікті дамытуға ықпал етеді. 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған күн электр станциясы Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу үдерісіндегі маңызды кезеңдердің біріне айналмақ.
Бұл бастама – экологияны қорғау, энергия тиімділігін арттыру және болашақ ұрпаққа таза қоршаған орта қалдыру бағытындағы нақты қадамдардың айқын көрінісі. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мұндай ірі жобалар өңірдің өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі «жасыл» энергетика орталығына айналуына жол ашатыны сөзсіз.
