«ШЕЖІРЕДЕН БОЛАШАҚҚА» ҰЛТТЫҚ КИНОЛЕКТОРИЙ ДЕРЕКТІ КИНОНЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫН АШТЫ

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені ұйымдастырған «Шежіреден болашаққа» атты ауқымды кинолекторий жобасы өтті. Ағартушылық әрі мәдени маңызы зор бастама Президент телерадиокешенінің 30 жылдығына орай жүзеге асырылып отыр. Жоба аясында еліміздің әр өңірінде отандық деректі фильмдер көпшілікке ұсынылып, көрермендерге тарихи жадыны жаңғыртатын, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын туындылар көрсетілуде.

Кинолекторийдің Түркістандағы алғашқы күнінде көрермен назарына «Арал» және «Серт» деректі фильмдері ұсынылды. Қос туынды да көрерменге ерекше әсер сыйлап, тарихи оқиғалар мен адам тағдырын терең суреттеуі арқылы жоғары бағаланды.

«Арал» деректі фильмі өмірін теңізбен байланыстырған қарт балықшы Күнтуған Тұрғанбаевтың тағдыры арқылы Арал теңізінің өткенін, экологиялық ахуалын және халықтың өмірін баяндайды. Фильмде табиғат пен адам арасындағы ажырамас байланыстың мәні айқын көрініс табады. Бір кездері әлемдегі ең ірі көлдердің бірі болған Арал теңізінің тартылуы тұтас өңірдің тұрмыс-тіршілігіне ауыр соққы болғаны белгілі. Картинада сол кезеңдердің қиындықтары мен халықтың төзімі шынайы көрсетілген.

Фильм кейіпкері Күнтуған Тұрғанбаев түсірілім барысында өзінің жастық шағымен қайта қауышқандай әсер алғанын жеткізді. Оның айтуынша, түсірілім тобы бұрын балық аулаған аймақтарды аралап, өткен күндердің ізін жаңғыртуға мүмкіндік берген.

Күнтуған Тұрғанбаев:

Мен түсірілім тобымен бір аптадай бірге жүрдім. Бұрын балық аулаған таныс мекендерді қайта көру ерекше сезім сыйлады. Теңіз 1960 жылдары тартыла бастады. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауы арқасында Аралдың біртіндеп қалпына келіп жатқаны маңызды әрі үміт сыйлайды, – деді ол.

Фильмде айтылған мәліметке сәйкес, Арал теңізінің шамамен 36 пайызы қайта қалпына келтірілген. Бұл – экологиялық апатпен күрестегі маңызды жетістіктердің бірі. Картинада тек табиғат мәселесі ғана емес, туған жерге деген сағыныш, адамның үміті мен рухани беріктігі де кеңінен көрініс тапқан.

Көрермендер назарына ұсынылған екінші туынды – «Серт» фильмі. Бұл картина Қазақстанның 2024 жылдың көктеміндегі жойқын су тасқынынан кейінгі ахуалды баяндайды. Деректі фильмде табиғи апат салдарынан зардап шеккен аймақтардағы қалпына келтіру жұмыстары, халықтың бірлігі мен мемлекеттің қолдауы кеңінен қамтылған.

Фильмде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қысқа мерзім ішінде тұрғын үйлер салынып, инфрақұрылым қалпына келтірілгені, зардап шеккен азаматтардың қалыпты өмірге оралғаны көрсетіледі. Сонымен қатар ел ішінде қалыптасқан ынтымақ пен өзара көмектің маңызы ерекше айшықталған.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қос фильмнің де тәрбиелік әрі рухани мәні жоғары екенін атап өтті.

Мадияр Әліпов: 

Екі фильм де өте әсерлі түсірілген. «Арал» арқылы тұтас бір өңірдің тарихы мен халықтың тағдыры ашылады. Ал «Серт» табиғи апат кезінде елдің бірлігі мен ұйымшылдығы қандай күшке ие екенін көрсетеді. Мұндай туындылар қоғамға ой салып, жастарға үлкен тағылым береді, – деді.

Көрсетілімнен кейін тұрғындар фильмдерден алған әсерлерімен бөлісті. Түркістандық көрермендер режиссерлік шешімдердің сапасын, операторлық жұмыстың кәсіби деңгейін және оқиғалардың өмірге жақын суреттелгенін ерекше атап өтті.

Тұрғын Жанна Жайлаубайқызы «Арал» фильмінің көркемдік деңгейін халықаралық деректі жобалармен салыстырды. Оның пікірінше, фильмдегі символикалық көріністер туындының эмоциялық салмағын күшейте түскен.

Жанна Жайлаубайқызы: 

Арал – тек теңіз туралы фильм емес, ол сол маңда өмір сүрген адамдардың тағдыры жайлы картина. Күннің батуы, қарт балықшының биік төбеде отырып өткен өмірін еске алатын сәттері фильмге терең мағына береді. Осындай көркемдік тәсілдер арқылы туынды көрерменге ерекше әсер қалдырады, – деді.

Ал «Серт» фильміне қатысты пікір білдірген тұрғындар табиғи апат кезінде мемлекет пен халықтың бірлесе әрекет етуі елдің мызғымас ынтымағын көрсеткенін айтты. Жергілікті тұрғын Әтіркүл Ташимованың сөзінше, фильм қоғамдағы ауызбіршіліктің шынайы көрінісін бейнелейді.

Әтіркүл Ташимова: 

– «Серт» фильмі қазақ қоғамының қандай қиын жағдайда да біріге алатынын көрсетеді. Картинада халықтың қайсарлығы мен төзімі анық байқалады. Мемлекет пен азаматтардың ортақ күш-жігері кез келген қиындықты еңсеруге болатынын дәлелдейді, – деді.

Кинолекторийдің екінші күнінде көрермендерге «Travel Kazakhstan» және «Қуатты серіктес» деректі фильмдері ұсынылды. «Travel Kazakhstan» жобасы еліміздің туристік әлеуетін таныстыруға арналса, «Қуатты серіктес» туындысында Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың дамуы сөз болады.

Жалпы, соңғы жылдары қазақстандық деректі кино жаңа кезеңге қадам басты деуге болады. Отандық киногерлер әлеуметтік мәселелерді, тарихи оқиғаларды және адам тағдырын терең әрі көркем тілмен жеткізуге басымдық беріп келеді. Бұрын тек телевизиялық форматпен шектелетін деректі фильмдер бүгінде халықаралық фестивальдерге қатысып, кең аудиторияның қызығушылығын тудыруда. Мұндай кинолекторийлер ұлттық кино индустриясының дамуына серпін беріп қана қоймай, қоғамның мәдени талғамын қалыптастыруға да ықпал етеді.

Президент телерадиокешенінің бастамасы қазақстандық деректі киноға деген қызығушылықты арттырып, аймақ тұрғындарын сапалы контентпен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе тарихи жады, экология, ұлттық құндылықтар мен қоғам бірлігі тақырыптарының экран арқылы кеңінен насихатталуы жас буын тәрбиесінде маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, «Шежіреден болашаққа» атты кинолекторийлер сериясы 21 мамыр күні Астанада бастау алды. Түркістан мен Қызылордадан кейін жоба Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады.

Барлық фильмдер Президент телерадиокешенінің ішкі өндірістік құрылымы саналатын Деректі фильмдер орталығында түсірілген. Жобалардың сценарий авторы – Нұрлан Қабдай. Ал режиссерлік жұмыстарды Зухраб Отаров пен Дәулет Әуелбеков атқарған.

Деректі фильмдердің көрсетілімі өңірлік әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырылып жатыр. Көрсетілімдер аймақтық кинотеатрларда өтуде және кіру тегін. Бұл бастама халықтың мәдени жобаларға қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Жоба аясындағы соңғы көрсетілім 25 қыркүйек күні Алматы қаласында өтеді. «Шежіреден болашаққа» кинолекторийлер сериясы ел тарихын, халық тағдырын және ұлттық рухты дәріптейтін мазмұнды жобалардың қатарын толықтырып, қазақстандық деректі киноның жаңа белеске көтерілгенін айқын аңғартты.