ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТКЕ 5 ЖЫЛ
Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданғанына 5 жыл толуына арналған ауқымды дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Заң саласындағы маңызды басқосу құқықтық жүйені жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау және әкімшілік әділет институтының қоғамдағы рөлін саралауға арналды.
Жиынға Түркістан облыстық сотының судьялары, мамандандырылған әкімшілік соттардың өкілдері, прокуратура және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары мен мамандары қатысты. Басқосу барысында құқықтық реформалардың нәтижелері жан-жақты талқыланып, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі өзекті мәселелер ортаға салынды.
Дөңгелек үстелді Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов ашып, әкімшілік әділет саласының елдегі құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтауға, халықтың заңды мүдделерін тиімді қорғауға жаңа мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл жүйе мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттырып, азаматтардың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін күшейтуге ықпал етті.
Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы құттықтау сөз сөйлеп, аталған кодекстің қоғамдағы әділеттілікті орнықтырудағы және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы рөліне кеңінен тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданғанына 5 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру жолында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға айрықша мән беріп келеді. Әкімшілік әділет институтының енгізілуі – осы стратегиялық бағыттағы аса маңызды қадамдардың бірі. Кодекс – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетігін қалыптастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Әсіресе, «тыңдалу құқығы» қағидатының енгізілуі қандай да бір шешім қабылданар алдында азаматтың пікірі ескеріліп, уәжі тыңдалып, мәселені жан-жақты қарау тәжірибесін қалыптастырды. Өткен бес жыл ішінде Кодекстің қабылдануына орай, мемлекеттік басқару жүйесінде оң өзгерістер байқалды. Халық пен мемлекеттік орган арасындағы ашық диалог нығайды. Өтініштерді қарау сапасы артты. Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейіп, азаматтардың сот органдарына сенімі арта түсті. Әрине, бұл жетістіктердің артында судьялардың, заңгерлердің, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласы мамандарының қажырлы еңбегі тұр. Сіздер заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Осынау мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс және ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге абырой тілеймін! Әділдік туы желбіреген Тәуелсіз Қазақстанымыз заң үстемдігі мен құқықтық мемлекеттің әлемдік озық үлгісіне айнала берсін! – деді.
Маңызды жиында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев те сөз алып, әкімшілік әділет жүйесінің құқық үстемдігін орнықтырудағы және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің өзара үйлесімді жұмысы қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіпті нығайтуға негіз болатынын жеткізді.
Кездесу барысында әкімшілік әділет саласының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Олардың қатарында сот саласының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының мамандары және заң саласының ардагерлері бар. Бұл – құқықтық мемлекет қағидаттарын жүзеге асыру жолындағы адал еңбек пен кәсіби жауапкершілікке көрсетілген құрмет болды.
Дөңгелек үстелде соңғы бес жылдағы әкімшілік әділет жүйесінің жетістіктері кеңінен сараланды. Қатысушылар сот тәжірибесіне енгізілген жаңашыл тетіктердің халықтың құқықтарын қорғауда тиімді нәтиже беріп отырғанын айтты. Әсіресе, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды әділ әрі ашық қарау тәжірибесі қалыптасып, қоғамда заңға деген сенім нығая түскені атап өтілді.
Сонымен қатар жиында заң мен тәртіптің қоғам өміріндегі маңызына ерекше назар аударылды. Заң үстемдігі сақталған жерде тұрақтылық пен даму болатыны, ал құқықтық мәдениеттің қалыптасуы азаматтардың қауіпсіз әрі әділ қоғамда өмір сүруіне негіз болатыны айтылды. Әкімшілік әділет жүйесі мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, әрбір азаматтың үніне құлақ асу қағидатын нақты іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдағы әділдік қағидаттарын бекітіп, мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді күшейтуде маңызды рөл атқарады.
Жиын қорытындысында қатысушылар әкімшілік соттардың қызметі жылдан-жылға жетіліп келе жатқанын, ал құқықтық реформалардың түпкі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау екенін атап өтті. Сондай-ақ заң мен тәртіпке негізделген қоғам құру жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны жеткізілді.
