ДИСПАНСЕР ДИРЕКТОРЫ СОТТАЛДЫ

Сот үкімімен Шымкент қалалық «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері» КММ директоры Асанов А.А. сыбайлас жемқорлық және мүліктік қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Тергеу барысында анықталғандай, Шымкент қаласы бойынша ҰҚКД арнайы прокурорлары жүргізген жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесінде мекеме басшысы диспансер заңгері Тәженов Р.А.-дан оны атқарып отырған қызметінде қалдыру үшін пара алғаны әшкереленген.

Сонымен қатар, Асанов мекемеде нақты жұмыс істемеген тұлғаларға заңсыз жалақы мен өзге де төлемдерді есептеу арқылы 6,9 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырған.

Бұдан бөлек, ол сыйақы төлеу сылтауымен диспансердің 33 қызметкерінің ақшалай қаражатын иемденген.

Сот Асановты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігі және 366-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.