ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН АЗАМАТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан қаласында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, цифрландыру жүйесін жетілдіру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту және қоғамдық маңызы жоғары өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Басқосуға облыс әкімдігі өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым, мемлекеттік мекеме басшылары мен түрлі сала мамандары қатысты.
Жиын барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге елеулі үлес қосқан азаматтарға Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, мемлекеттік наградалар мен Алғыс хаттарды табыстады. Өңір басшысы өз сөзінде саммиттің халықаралық деңгейдегі тарихи маңызына, сондай-ақ облыстың соңғы жылдардағы даму көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды.
Облыс әкімінің айтуынша, 15 мамыр күні түркі дүниесінің рухани орталығы саналатын қасиетті Түркістанда бес мемлекеттің басшылары қатысқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауқымды жиын аясында Түркістан декларациясына қол қойылып, түркі халықтарының тарихи, мәдени және рухани сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды құжат қабылданды. Сонымен қатар түркі әлемінің келешектегі ғылыми және рухани ықпалдастығын арттыруға жол ашатын Түркі өркениеті орталығының іргетасы қаланды.
Нұралхан Көшеров:
– 15 мамыр күні түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде бес мемлекет басшысының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өткізілді. Түркістан декларациясына қол қойылып, түркі халықтарының тарихи, мәдени және рухани сабақтастығын нығайтатын маңызды құжат қабылданды. Сондай-ақ түркі дүниесінің болашақтағы рухани және ғылыми ықпалдастығына жол ашатын Түркі өркениеті орталығының іргетасы қаланды. Мемлекет басшысы көне Түркістан қаласын еліміздің ғана емес, тұтас өңірдің жауһары ретінде одан әрі дамыту, абаттандыру, инфрақұрылымын жетілдіру және оның халықаралық беделін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді. Саммитке қатысқан шет мемлекеттердің басшылары мен ресми делегациялар қаланың көлік инфрақұрылымына, көгалдандыру деңгейіне, тазалығына және жалпы ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға берді. Саммит қорытындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңір тұрғындарына және іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл – бірліктің, жауапкершіліктің және ортақ еңбектің нақты нәтижесі. Осы ретте аталған іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Алдағы кезеңде де осы қарқынды сақтап, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бірлігіміз бекем, еңбегіміз нәтижелі болсын! – деді.
Кеңейтілген отырыс барысында саммиттің табысты өтуіне үлес қосқан түрлі сала өкілдеріне ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, күн-түн демей еңбек еткен коммуналдық қызмет мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, еріктілер және шаһардың тазалығы мен көркеюіне атсалысқан белсенді тұрғындар мемлекеттік марапаттар мен Алғыс хаттарға ие болды. Бұл – елдік маңызы бар халықаралық шараны ұйымдастыру жолындағы ортақ еңбектің нәтижесіне берілген әділ баға ретінде қабылданды.
Айта кетейік, Түркістан қаласында Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Маңызды кездесу барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері кеңінен талқыланып, бірқатар стратегиялық бастамалар көтерілді.
Саммит аясында қабылданған Түркістан декларациясы түркі халықтарының өзара ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған маңызды құжаттардың бірі ретінде бағалануда. Сонымен қатар шетелдік делегация мүшелері Түркістан қаласының қарқынды дамуына, заманауи сәулеттік келбетіне, жаңа инфрақұрылымдық жобаларына, көгалдандыру жұмыстарына, тазалығы мен ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.
Бүгінде Түркістан тек тарихи-рухани орталық қана емес, халықаралық деңгейдегі маңызды саяси әрі мәдени диалог алаңына айналып келеді. Соңғы жылдары жүзеге асырылған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар, туризм мен инвестиция саласындағы серпінді бастамалар, әлеуметтік нысандардың көбеюі мен қаланың сәулеттік жаңғыруы өңірдің әлеуетін жаңа деңгейге көтерді.
Облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, қоғамдық бақылауды күшейту және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесін нығайту жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасуы тиіс екенін атап өтті.
