ТҮРКІСТАН — ӨНДІРІС ПЕН ИНВЕСТИЦИЯ ТОҒЫСҚАН ҚУАТТЫ ӨҢІР

Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өтіп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инвестициялық серпіні, өндірістік әлеуеті және алдағы стратегиялық жоспарлары кеңінен талқыланды. Маңызды жиынды облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Байділдә Жылқышиев жүргізді. Кеңейтілген басқосуға облыс әкімдігі өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, сала мамандары мен қоғам белсенділері қатысты.

Күн тәртібінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсімі, цифрландыру бағытындағы жұмыстар, көлік және инфрақұрылым мәселелері, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар өзекті тақырыптар қаралды. Жиын барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің даму басымдықтары мен алдағы кезеңдегі міндеттерге арнайы тоқталды.

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүйелі реформалар жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Соңғы жылдары «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі» және өзге де жобалар арқылы халықтың көкейіндегі біраз мәселе шешімін тапты деп ойлаймын. Ауыз су, инфрақұрылым, газ, электр, жол мәселелері де шешіліп келеді. Бүгінгі мәжілісте экономикалық дамуға басымдық беріп отырмыз. Себебі барлық мәселе қаржыға, экономикаға барып тіреледі. Біз ең алдымен өзін-өзі толық қамтитын өңірге айналуымыз керек. Ел Президенті шикізат шығарушы ғана емес, терең өңдеу саласы дамыған елге айналу міндетін жүктеді. Осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Импортты алмастыру бағытында зерттеулер жүргізіп, нақты жоспарлар жасадық. Өндірістік парктер салынып жатыр. Бұл парктер енді аудан, қала ғана емес, ауылдарға да салынады. Ауыл шаруашылығында да жаңа технологиялар, тың тәсілдер енгізіліп жатыр. Ең бастысы – бізде еңбекқор халқымыз, барлық саланы дамытуға қолайлы жағдай, мүмкіндік бар. Әкімдік, мәслихат, қоғамдық кеңес, кәсіпкерлер, жалпы ел болып бірлесе жұмыс істесек, Түркістан облысын көшбасшы өңірге айналдыра аламыз, – деді.

 

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша баяндама жасап, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту және экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында кешенді экономикалық талдау жүргізілген. Әр аудан мен қаланың өндірістік әлеуеті, шикізат қоры, ішкі нарық сұранысы, импортқа тәуелділігі мен өңдеу мүмкіндіктері сараланып, нақты даму бағыттары айқындалған.

Жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы облыстың сыртқы сауда айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім көлемі 34,6 пайызды құрады. Ал экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға артып, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының өндірістік қуаты мен экспорттық әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартады.

Өңірде шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары дайын өнім өндіру бағытына айрықша басымдық беріліп отыр. Импорт құрылымына жасалған талдау нәтижесінде 154 млн АҚШ долларына дейінгі өнімдерді облыс аумағында өндіруге мүмкіндік бары анықталған. Осыған сәйкес импортты алмастыруға бағытталған жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылды.

Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Lihua» жіп иіру фабрикасы, «QazLaminat» ламинат өндіру зауыты, «Er Qan» бір реттік ыдыс-аяқ шығаратын кәсіпорны және «QazEcoPack» скотч өндіру зауыты жұмысын бастады. Сонымен қатар Сауран ауданында «Жасыл Суық Қазақстан» тоңазытқыш өндірісі жолға қойылса, Шардарада жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауыты іске қосылған. Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі-түсті сусындар өндіретін «Beibars Bottlers» кәсіпорны ашылып, Кентау қаласында «Turan Shenhua» газ қазандықтарын шығару қолға алынған.

Бұдан бөлек, өңірде John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникалары мен дрондар өндірісі, тігін және тоқыма фабрикалары, бояу-әрлеу өндірістері, төсек-жайма және джинс маталарын шығаратын кәсіпорындар, карбамид, биологиялық қоспалар мен витаминдер өндіретін зауыттар, сондай-ақ ірі қара мал сүйегінен май мен пептон компоненттерін өндіретін өндіріс орындары жүзеге асырылуда. Жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 жоба импортты алмастыру мен өндірістік тәуелсіздікті күшейтуге бағытталған.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылыммен толық қамтылған өндірістік алаңдар әзірленген. Арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 881 млрд теңгені құрайтын 98 жоба жүзеге асырылып, 7663 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал индустриялық аймақтарда 124 млрд теңгенің жобалары іске асып, 6 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Өңірде 29 өндірістік алаң құрылып, 275 өндірістік ғимараттың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны 227 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 5 879 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Инвестициялық саясаттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құрады. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспарланған межеден жоғары орындалған. Өткен жылы өңірде 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, биыл тағы 67 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Облыстың экономикалық өсім қарқыны республика көлемінде көш бастап келеді. Биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 125 пайызды құрап, Түркістан облысы республикада бірінші орынға шықты.

Алдағы кезеңге арналған жоспарлар да ауқымды. 2026–2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жоба пулы жасақталған. Бұл жобалар жүзеге асқанда 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сонымен бірге алдағы бес жылда өңірлік жалпы өнім көлемін 2,6 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайту межеленген. Нақтырақ айтқанда, 2025 жылғы 5,1 трлн теңгелік көрсеткішті 2030 жылға қарай 13 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке тәуелділік 40 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

Кеңейтілген отырыс барысында қоғамдық кеңес мүшелері өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық бақылау мен ашықтықты одан әрі жетілдірудің маңыздылығы сөз болды.

Бүгінде Түркістан облысы тек тарихи-рухани орталық қана емес, өндіріс, инвестиция, кәсіпкерлік және инновация тоғысқан қуатты экономикалық аймаққа айналып келеді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен жүйелі реформалар Түркістанның алдағы жылдары еліміздің жетекші индустриялық әрі инвестициялық хабтарының біріне айналуына берік негіз қалыптастыруда.