«ШЕКАРАСЫЗ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ» ФОРУМЫ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШТЫ
Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында Түркістан және Ташкент облыстарының кәсіпкерлері мен инвесторлары қатысқан «Шекарасыз ынтымақтастық» атты халықаралық бизнес-форум өз жұмысын бастады. Ауқымды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және бизнес-делегация қатысып, екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, өндірістік және туристік байланыстарды кеңейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Маңызды іскерлік алаңға Қазақстан мен Өзбекстанның екі өңірінен 200-ге жуық кәсіпкер, инвестор, өндіріс өкілдері мен салалық мамандар жиналды. Форумның негізгі мақсаты – өңіраралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты күшейту, өзара сауда көлемін арттыру және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру.
Халықаралық форум барысында Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысушыларды құттықтап, көршілес екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар форум аясында екі облыстың инвестициялық мүмкіндіктері мен өндірістік әлеуеті таныстырылып, перспективалы жобалар бойынша нақты ұсыныстар ортаға салынды.
Ташкент облысының хокимі өз сөзінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи достық пен стратегиялық әріптестіктің бүгінде нақты экономикалық нәтижелер беріп отырғанына тоқталды.
Зоир Мирзаев
– Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі бауырлас халықтың ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосып келеді. Халықтарымыздың ортақ тарихы мен рухани байланыстарына негізделген қарым-қатынастар бүгінде берік әрі үйлесімді сипатқа ие. Біз ежелден өзара сыйластығы жарасқан бауырлас халықпыз. Бүгінгі кездесу өңірлеріміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және экономикалық өсімнің жаңа бағыттарын дамытуға дайынбыз, – деді.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық форумның өңіраралық байланыстарды нығайтудағы маңыздылығына ерекше тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгінгі форум – достықты, тату көршілік қарым-қатынасты және өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы. Қазақстан мен Өзбекстанды ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, мәдени және рухани байланыстар біріктіреді. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің саяси ерік-жігерінің арқасында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстан – тұрақты даму жолында бірге келе жатқан сенімді одақтастар. Бұл үдерісте шекаралас өңірлерге ерекше рөл жүктеледі.
Түркістан облысы өзара тиімді ынтымақтастыққа ашық және инвесторларға ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай ұсынуға дайын. Қадірлі достар, бүгінгі форум – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар бизнес қауымдастықтар арасында тікелей байланыс орнатуға, жаңа серіктестер табуға және перспективалы бастамаларды іске қосуға мүмкіндік беретін нақты алаң.
Менімен бірге Түркістан облысының кәсіпкерлерінен құралған өкілді бизнес-делегация келді. Олар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және Ташкент облысындағы серіктестермен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.
Форум қорытындылары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беріп, іскерлік байланыстарды нығайтып, кәсіпкерлеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін.
Барлық қатысушыларға жемісті жұмыс, табысты келіссөздер, жаңа жобалар және өзара тиімді серіктестік тілеймін, – деді.
Форум барысында Түркістан облысының инвестициялық және индустриялық әлеуетіне ерекше назар аударылды. Бүгінде өңір ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, тамақ өндірісі, туризм, құрылыс индустриясы, логистика және шағын кәсіпкерлік салаларында тұрақты даму қарқынын көрсетіп келеді. Қазіргі таңда жалпы инвестиция көлемі 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында өзбек капиталының қатысуымен бірнеше ірі жоба табысты іске асырылып жатыр. Олардың қатарында 10 мың басқа арналған ет өңдеу кешені мен бордақылау алаңы, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын өндіріс орны, сондай-ақ күнбағыс майын өндіретін кәсіпорын бар. Мұндай жобалар екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың нақты нәтижесін көрсетеді.
Облыс әкімі өз сөзінде Түркістан өңірінде инвесторлар үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Қазіргі таңда жалпы аумағы 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ пен көлемі 1 400 гектар болатын арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл өндірістік алаңдар толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған және кәсіпкерлерге салықтық, кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар инвесторларға дайын өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе жеңілдетілген талаптармен сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.
Форум аясында Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасының маңыздылығы да ерекше аталып өтті. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба екі ел арасындағы өндірістік кооперацияны дамытуға, логистикалық байланысты күшейтуге және шекара маңындағы сауда айналымын арттыруға ықпал етеді.
Іскерлік жиын барысында Түркістан облысындағы индустриялық аймақтар мен өндірістік парктердің мүмкіндіктері таныстырылып, Өзбекстандағы «Ангрен» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті жөнінде мәлімет берілді. Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов өндірістік парктердің артықшылықтары мен инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы баяндады.
Форумда туризм саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Ташкент және Түркістан облыстары арасындағы туристік бағыттарды бірлесіп дамыту, ортақ туристік маршруттар қалыптастыру және халықаралық туристер ағынын арттыру мәселелері көтерілді. Өзбекстандық және қазақстандық туризм саласының өкілдері тарихи-мәдени нысандарды біріктіретін жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының бас директоры А. Абубакиров Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстырып, тарихи ескерткіштер, халықаралық туристік нысандар және жаңа инвестициялық жобалар туралы баяндама жасады.
Халықаралық бизнес-форум кәсіпкерлер үшін жаңа серіктестер табуға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге, өндірістік кооперация орнатуға және өзара тәжірибе алмасуға жол ашты. Сарапшылардың пікірінше, мұндай алаңдар шекаралас өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтып қана қоймай, бүкіл Орталық Азия кеңістігіндегі тұрақты даму мен өңірлік интеграцияны күшейтуге ықпал етеді.
Форум қорытындысы бойынша тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, іскерлік байланысты кеңейтуге және жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
