ТҮРКІСТАНДА БІР КҮНДЕ 512 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістан қаласында 512 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Нәтижесінде 3 мыңнан астам тұрғын қоныс тойын тойлады. Ал өткен жылы Түркістан облысында тұрғын үй кезегінде тұрған 3564 азаматқа пәтер кілті табысталған болатын.

Жаңа қоныс иелерін құттықтауға арнайы барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілттерін тапсырып, ізгі тілегін жеткізді.

Нұралхан Көшеров: 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді әрдайым басты міндеттердің бірі ретінде айқындап келеді. Осы тапсырмаларды жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, мыңдаған азаматтың тұрғын үй мәселесі шешімін табуда. Өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3564 пәтер берілсе, биыл 2292 пәтер беру жоспарланған. Бүгін тағы 512 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенеліп отыр. Шаңырақтарыңызға құт-береке, бақ-дәулет тілеймін. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді.

 

Қаладағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінен берілген пәтерлер әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға табысталды.

Айта кетейік, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап күшіне енген тұрғын үй заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезек жүргізу және тұрғын үйлерді бөлу функциялары «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Бүгін пәтер кілтін алған тұрғындар – жаңа тәртіп бойынша «Отбасы банк» арқылы іріктеліп, жолдама алған алғашқы азаматтар.