ТАБИҒАТ ҚОРҒАУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Қазығұрт ауданында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Орталық алаңда мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, тұрғындарды айтулы күнмен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

Мерекелік шара барысында табиғатты қорғау ісіне белсенді атсалысып жүрген бірқатар азаматтар марапатталып, оларға құрмет көрсетілді. Іс-шара аясында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар жас суретшілер табиғатты қорғау және қоршаған ортаның тазалығын сақтау тақырыптарында сурет салып, шығармашылық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.

Атаулы күнге орай аудан аумағында ағаш түптерін әктеу, орындықтарды сырлау, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, гүл көшеттерін отырғызу және абаттандыру шаралары қолға алынды. Іс-шараларға жалпы 200-ге жуық адам қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы экологиялық мәдениетті нығайтудың жаңа үлгісін қалыптастырды. Бастама аясында еліміздің барлық өңірінде тазалық пен көгалдандыру жұмыстары тұрақты сипат алып, табиғатты қорғау ісі жалпыхалықтық қозғалысқа айнала бастады. Бұл жоба қоршаған ортаға жанашырлықты дәріптеп қана қоймай, әр азаматтың туған жердің тазалығы мен келешегіне деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етіп келеді.