ӨЗЕН-КӨЛДЕРДІ ЛАСТАМАЙ, БҰЛАҚТАРДЫҢ КӨЗІН АШУ ТАБИҒАТҚА ДЕГЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК
Қазығұрт ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Мөлдір бұлақ» атты кең ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шара барысында аудан аумағындағы өзен жағалаулары мен табиғи нысандарда тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Акция аясында Қазығұрт елді мекеніндегі Келес өзенінің жағалауы мен Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты табиғаты көркем Аққұм сарқырамасының аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар су көздерінің тазалығын сақтау, бұлақтардың көзін ашу және табиғи су арналарының еркін ағысын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Экологиялық шараға аудандағы барлық мекемелердің қызметкерлері, ауылдық округтердің тұрғындары, білім беру ұйымдарының ұжымдары, ерікті жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері белсенді қатысты. Жалпы саны 1000-нан астам адам жұмылдырылып, тазалық жұмыстарына 7 арнайы техника тартылды. Қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен, қолғаптармен және қоқыс жинауға арналған арнайы қаптармен қамтамасыз етілді.
Келес өзенінің жағалауында қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, аумақты ретке келтіру мақсатында шөп шабу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Аққұм сарқырамасы мен оған іргелес аумақтар толықтай тазартылып, демалушылар жиі келетін орындардың санитарлық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Нәтижесінде екі аумақтан жалпы көлемі 8,8 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Шараға Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов қатысып, экологиялық акцияның маңызына тоқталды. Ол қоршаған ортаны қорғау, табиғи су көздерін сақтау және туған өлкенің тазалығын қамтамасыз ету әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Сонымен қатар акция барысында табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған ақпараттық баннерлер орнатылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Су көздерін таза ұстау, өзен-көлдерге қоқыс тастамау және бұлақтардың табиғи арнасын сақтау арқылы экожүйенің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге болатыны кеңінен насихатталды. Таза бұлақтар мен ағын сулар жергілікті флора мен фаунаның сақталуына, ауызсу қорының молаюына және қоршаған ортаның табиғи қалпын сақтауға оң әсер етеді.
Табиғатты аялау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлықтарды ұқыпты пайдалану, өзен-көлдер мен бұлақтарды ластамау және туған жердің тазалығына жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың маңызды парызы.
