СУ АРНАЛАРЫНА ҚОҚЫС ТАСТАУ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТҚА ӘКЕЛЕДІ
Сарыағаш ауданында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында кең көлемді тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аталған шара Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде табиғи ортаны қорғау, су ресурстарының тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бастаған аудан әкімдігі өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер мен белсенді жастар қатысып, қоршаған ортаның тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстарға белсенді түрде үлес қосты.
Акция барысында республикалық маңызы бар магистральды канал мен оның маңайы қоқыстардан тазартылып, көріктендіру жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар арнайы техникалардың көмегімен «Рамадан» каналының арнасы тазартылып, судың еркін ағуын қамтамасыз ету және өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ Сарыағаш қаласындағы Әйтеке би көшесінде ауқымды санитарлық тазалау шаралары ұйымдастырылды.
Жалпы аудан аумағында 50 шақырым арық-атыздар мен 70 шақырым ирригациялық жүйелер тазартылып, су арналарының қалыпты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды.
Суару және ирригациялық жүйелерді тиімді басқару тәжірибесі бойынша әлемде Нидерланд, Израиль және Қытай алдыңғы қатарда саналады. Бұл елдер су ресурстарын үнемді пайдалану, каналдар мен су арналарының тиімділігін арттыру бағытындағы озық технологияларды кеңінен қолданады.
Мамандардың айтуынша, арықтар мен су арналарына қоқыс тастау бірқатар экологиялық және шаруашылық мәселелерге алып келеді. Атап айтқанда, су ағысының бөгелуіне, су басу қаупінің артуына, ирригациялық жүйелердің тиімділігінің төмендеуіне, судың ластануына және санитарлық жағдайдың нашарлауына себеп болады. Сондықтан арықтар мен каналдардың тазалығын сақтау ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырумен қатар, қоршаған ортаны қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.
