ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ АБАТТАНДЫРЫЛДЫ

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Ордабасы ауданында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар үшін жайлы әрі таза орта қалыптастыру мақсатында кезекті көркейту және абаттандыру іс-шаралары ұйымдастырылды.

Аудан орталығы Темірлан ауылында өткен шара аясында «Темірлан абаттандыру» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері орталық көшелер мен көпшілік пайдаланатын қоғамдық аумақтарды ретке келтірді. Көше бойындағы жол жиектері мен жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар сырланып, гүлзарларға маусымдық сәндік гүл көшеттері отырғызылды.

Сонымен қатар жасыл аймақтарды күтіп-ұстау және олардың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында гүлдер, сәндік ағаштар мен тұялар суарылып, зиянкестерге қарсы арнайы өңдеу жұмыстары атқарылды. Саябақ аумағындағы өскен шөптер шабылып, жиналған қалдықтар арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Ауданның келбетін жақсарту және елді мекендерді көркейту бағытындағы жұмыстар алдағы кезеңде де жүйелі түрде жалғасын табады.

Қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың ортақ міндеті әрі болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігі. Таза табиғат тұрғындардың денсаулығын сақтауға, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді. Айналаны таза ұстау арқылы қоршаған ортаның ластануын азайтып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және елді мекендердің көркеюіне үлес қосуға болады. Сондықтан табиғатты қорғау мен тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыру қоғамның тұрақты дамуының маңызды негіздерінің бірі болып табылады.