НЫСАНАЛЫ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ТОЛЫҚ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ЖОСПАРЛАНҒАН
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2026 жылдың алғашқы төрт айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 206 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 111,3 пайызға жетті. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі де едәуір артты. Есепті кезеңде салаға 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 1,8 есеге орындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Өңір басшысы көктемгі егіс науқанының нәтижелері мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы 919 мың гектарға жеткізілді. Оның ішінде жаздық дақылдар – 536 мың гектар, күздік егістер – 208 мың гектар, көпжылдық жоңышқа – 175 мың гектар алқапқа орналастырылды. Егіс құрылымына сәйкес мақта алқабы 17 мың гектарға артып, 162 мың гектарды, мақсары 16 мың гектарға артып, 85,4 мың гектарды, жүгері 15 мың гектарға көбейіп, 55,2 мың гектарды құрады. Ал су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында күріш егісі 7 мың гектарға қысқартылып, 3,5 мың гектар көлемінде орналастырылды.
Шаруалар жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілді. Биыл егістік алқаптарға 204 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған болса, қазіргі таңда оның 90 мың тоннасы енгізілді. Сонымен қатар жеңілдетілген бағамен бөлінетін 53 мың тонна жанар-жағармайға қажеттілік айқындалып, бүгінгі күнге дейін 23,7 мың тоннасы жеткізілді. Бұл жұмыстар белгіленген мерзімге сай жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген қаржыландыруға 34 млрд теңге қарастырылып, есепті кезеңде 25 млрд теңгеге 1722 жоба қолдау тапты.
Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес биыл 27 мың гектарға жоспарланған жұмыстар 50 мың гектарға жүзеге асырылып, жоспар екі есеге жуық артығымен орындалмақ. Нәтижесінде су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы алқап көлемі 164 мың гектарға жетіп, 280 млн текше метр ағын суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл технологиялар қосымша 37 мың гектар жерге енгізілді.
Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын шегіртке зиянкестерінен қорғау мақсатында фитосанитариялық мониторинг пен химиялық өңдеу шаралары жоспарлы түрде жүргізілуде. Биыл 906 мың гектар аумақты зерттеу көзделсе, бүгінге дейін 889 мың гектар жер қамтылды. Өңдеу жұмыстарына арнайы техника, су тасымалдау көліктері, аэрозольдік генераторлар, дрондар және авиациялық құралдар жұмылдырылған. Зиянкестерге қарсы күрес тұрақты бақылауда.
Мал шаруашылығы облыс экономикасының маңызды бағыты болып қала береді. Республикадағы ұсақ малдың 20 пайызы (5224,5 мың бас), ірі қараның 13 пайызы (1249,6 мың бас), түйенің 14 пайызы (44,8 мың бас), жылқының 10 пайызы (530,9 мың бас) және құстың 5 пайызы (2260,2 мың бас) Түркістан облысының үлесінде. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында 76 мың тонна ет өндіріліп, өсім 121,7 пайызды құрады. Сүт өндірісі 161 мың тоннаға жетіп, көрсеткіш 98,6 пайыз болса, жұмыртқа өндірісі 108 млн данаға жетіп, 135 пайызды көрсетті.
Өңірдегі эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 3,9 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 4 ветеринариялық станция, 109 ветеринариялық бекет және 21 мал өлексесін көметін орынның құрылысы жүргізілуде.
Республика бойынша экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Төрт айдың қорытындысында 4,2 мың тонна сиыр еті мен 9,4 мың тонна қой еті шетел нарығына шығарылды. Үкіметтің қолдауымен өңірде жалпы қуаттылығы 50 мың басқа арналған ірі бордақылау алаңы іске қосылды. Сонымен қатар 30 мың басқа есептелген 6 кәсіпорын экспорттаушылар тізіміне енгізілді.
Ет өндірісі кластерін дамыту мақсатында құны 54,1 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар нәтижесінде 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар толық іске қосылған кезде жылына 18 мың тонна ет және 90 мың тонна өңделген ет өндіріліп, 53,5 млрд теңгенің өнімі шығарылатын болады.
Түркістан облысында көктемгі дала және жиын-терім жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген негізгі нысаналы көрсеткіштерге толық қол жеткізу жоспарланған.
