ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАЗАРТУ АУДАНДАРДА ДА ЖАЛҒАСУДА

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында бүгін Жетісай ауданына қарасты қала, кент және барлық ауылдық округтерде «Мөлдір бұлақ» акциясы мен «Өзіңнен баста» экологиялық челленджі өткізілді.

Экологиялық іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, табиғи ресурстарды қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін күшейту. Акция барысында аудан аумағындағы бірқатар елді мекендерде санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді.

Атап айтқанда, Қызылқұм, Ж.Ералиев, Абай және Ш.Ділдәбеков ауылдық округтерінің аумағынан өтетін Шардара су қоймасының жағалауында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Шараға мыңнан астам адам мен 13 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 15 тоннаға жуық тұрмыстық және өзге де қалдықтар шығарылды.

Аудан тұрғындарын көшелер мен елді мекендердің, сондай-ақ су қоймасы жағалауының тазалығын сақтауға жұмылдыру мақсатында аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен жергілікті тұрғындар белсенділік танытып, өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді.

Қоғам назарын қоршаған ортаның тазалығын сақтауға аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында мұндай сенбіліктердің маңызы ерекше. Тұрақты түрде өткізілетін тазалық акциялары азаматтардың табиғатты қорғауға деген көзқарасын нығайтып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар күнделікті ұйымдастырылып келе жатқан сенбіліктер аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері өздеріне бекітілген көшелер мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын атқарса, аудан тұрғындары үй маңындағы аумақтарды күл-қоқыстан тазартуға белсенді қатысуда. Бұдан бөлек, саябақтар, көшелер, арық-атыздар мен ирригациялық жүйелердің арналары тазартылып, олардың қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасалуда.

Қоршаған ортаны қоқыстан жүйелі түрде тазарту табиғи экожүйені сақтауға, су көздерінің ластануын болдырмауға және халықтың денсаулығына қауіп төндіретін факторларды азайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе су айдындары мен олардың жағалауларын таза ұстау биологиялық әртүрлілікті қорғауға және табиғи тепе-теңдікті сақтауға оң әсер етеді.

Сондай-ақ, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу табиғи ресурстарды үнемдеуге, өндіріс орындарына қажетті шикізат көлемін азайтуға және қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені төмендетуге ықпал етеді. Қайта өңделген материалдарды пайдалану арқылы полигондарға жіберілетін қалдықтар көлемі қысқарып, жер мен су ресурстарының ластану қаупі төмендейді. Бұл өз кезегінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға негіз қалайды.

Айта кету керек, аудан көлемінде ұйымдастырылған сенбілік және тазалық шаралары тек аудан орталығында ғана емес, барлық ауылдық округтер мен елді мекендерде жыл бойы үздіксіз жалғасады. Әрбір мекеме мен тұрғын үй аумағы жауапты тұлғаларға бекітіліп, тазалық мәдениетін қалыптастыру ісіне ауыл ақсақалдары да белсенді түрде тартылған. Бұл жұмыстар өңірдің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған.