ҚЫТАЙМЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапардың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту, өңіраралық байланыстарды кеңейту және сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдету.

Сонымен қатар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, тікелей шетелдік инвестициялар тарту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, заманауи технологияларды енгізу және туризм саласын ілгерілету мәселелеріне басымдық берілуде. Осы бағытта Қытайдың жетекші компанияларымен, қаржы институттарымен және салалық қауымдастықтарымен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестік орнату көзделген.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Азиядағы гүл шаруашылығының ірі орталықтарының бірі әрі озық агротехнологиялар саласында көшбасшы өңір саналатын Юньнань провинциясының Куньмин қаласында басталды. Түркістан облысының ресми делегациясы бұл қалаға Қазақстан өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып ресми сапармен барды.

Сапар аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Коммунистік партиясы комитетінің хатшысы және Қытайдың ірі мемлекеттік құрылыс корпорациясы – Yunnan Construction & Investment Holding Group Co. компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзуцзюньмен кездесті. Қазақстандағы LRT жобасын жүзеге асыруға қатысқан бұл холдинг инфрақұрылым, құрылыс, жылжымайтын мүлік, индустриялық парктер мен логистика салаларында ауқымды жобаларды іске асырып келеді.

Келіссөздер барысында Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, мемлекеттік қолдау тетіктері, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуеті кеңінен баяндалды. Сондай-ақ өңірде жүзеге асырылуы мүмкін жаңа инвестициялық бастамалар талқыланды.

Нұралхан Көшеров: 

Қытай Халық Республикасының ежелден қалыптасқан қонақжайлық дәстүріне сай, біздің делегацияны жоғары деңгейде қабылдағандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы өзара сенім мен тығыз ынтымақтастық екі ел арасындағы өңіраралық және экономикалық байланыстардың дамуына берік негіз болып отыр. Екі ел арасындағы қатынас өзара сенімге, теңдікке және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікке негізделген. Бұл байланыс тек экономикамен шектелмей, өңірлік тұрақтылықтың маңызды тірегіне айналып отыр. Мемлекет басшылары арасындағы тұрақты диалог өңірлік тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл әріптестік «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында да жаңа серпін алды. Түркістан облысы – бизнес жүргізуге барынша қолайлы аймақ. Өңірде іске асырылатын инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сіздерді өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту және экономикалық байланыстарды дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деді.

Кездесу барысында Түркістан облысы аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, автожол құрылысы мен логистикалық орталық құру жобаларының өзектілігі айтылды. Қытай тарапы бұл бастамаларға қатысуға қызығушылық білдіріп, ұзақ мерзімді әріптестікке дайын екенін жеткізді.

Қазіргі таңда Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі бойынша Қытай жетекші үш елдің қатарына кіреді. Өткен жылдың қорытындысында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 19 млрд АҚШ доллары, импорт көлемі – 29,7 млрд АҚШ доллары. Түркістан облысының үлесі 684,3 млн АҚШ долларына жетті, оның ішінде экспорт – 102 млн АҚШ доллары, импорт – 582,3 млн АҚШ доллары.

Бүгінде Түркістан облысында 218 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі және шетелдік қатысуы бар 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Өңір арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының негізгі бөлігін қамтамасыз етеді. Ал Түркістан халықаралық әуежайы жылына 3 миллионға дейін жолаушы қабылдау мүмкіндігіне ие.

Облыс аумағында 21 индустриялық аймақ қызмет етеді. Сонымен бірге инвесторларға жеңілдетілген талаптармен өндірістік алаңдар ұсынатын шағын өнеркәсіптік парктер дамытылуда. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аясында 35 басым бағыт бойынша жобаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылған. Резиденттерге салықтық және кедендік жеңілдіктер беріледі.

Келіссөзде тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екендерін білдіріп, нақты инвестициялық жобаларды бірлесіп пысықтауға уағдаласты. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен стратегиялық серіктестік өңірлік экономикалық интеграцияны тереңдетуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.

Yunnan Construction Investment Group (YCIH) – Қытайдың жетекші мемлекеттік құрылыс және инфрақұрылымдық холдингтерінің бірі. Компания Қазақстандағы Астана LRT (Light Rail Transit) жобасын іске асыруға қатысқан негізгі қытайлық мердігерлердің қатарында. Мемлекеттік холдинг Қытайдағы ең ірі құрылыс ұйымдарының бірі саналады және «Бір белдеу – бір жол» (Belt and Road Initiative) бастамасы аясындағы халықаралық жобаларға белсенді қатысады.

Компанияның негізгі қызмет бағыттарына автомобиль және теміржол құрылысы, қалалық инфрақұрылым нысандары (метро, LRT, көпірлер), энергетика, су жүйелері, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс жобалары кіреді. Холдинг Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» стратегиясы шеңберінде көптеген мемлекеттерде жұмыс істейді. Қызметкерлер саны 30 мыңнан асады.

Түркістан облысы Қазақстан өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып Қытайдың қарқынды дамып келе жатқан Юньнань провинциясындағы Куньмин қаласымен тікелей байланыс орнатуға жол ашып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, жылыжай технологиялары, гүл шаруашылығы, логистика және экспорт бағыттарында жаңа мүмкіндіктер қарастырылуда.

Нұралхан Көшеров бастаған ресми және кәсіпкерлер делегациясы Куньмин қаласына арнайы жұмыс сапарымен барып, екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және аграрлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған келіссөздер жүргізді.

Қытайдың оңтүстік-батысында орналасқан Куньмин қаласы әлемге «Гүлдер астанасы» және «Мәңгілік көктем елі» ретінде танымал. Бұл шаһар туризммен қатар ауыл шаруашылығы мен гүл индустриясының әлемдік орталықтарының бірі болып саналады. Соңғы жылдары Куньмин кофе мәдениетінің халықаралық орталығына да айналып келеді. Осындай стратегиялық маңызы жоғары қалада Түркістан облысының ресми және бизнес делегациясының болуы өңірдің халықаралық байланыстарын кеңейтудегі маңызды қадамдардың бірі.

Түркістан облысы табиғи-климаттық ерекшеліктері бойынша еліміздегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі болса, Куньмин қаласы мен Юньнань провинциясы Қытайдың ауыл шаруашылығы инновациялары мен экспортқа бағытталған өндірісінің маңызды орталығы болып табылады. Сондықтан екі өңір арасындағы әріптестік жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, озық технологияларды тартуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға тың серпін береді.

Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, инвестициялар тарту және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.