ТҮРКІСТАНДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ГҮЛ ХАБЫН ҚҰРУ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістанның Орталық Азиядағы гүл индустриясының басты орталығына айналу мүмкіндігі артып келеді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында Қытайдың гүл өсіру саласындағы жетекші өңір саналатын Юньнань провинциясында Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Лю Цзюньфэнмен кездесті. Басқосу барысында гүл шаруашылығы, логистика, инвестиция тарту және экспорт бағыттарындағы өзара тиімді әріптестік мәселелері жан-жақты қаралды.
Куньмин қаласы бүгінде әлемдік гүл индустриясының негізгі орталықтарының бірі ретінде танылған. Қытайда өндірілетін гүлдердің шамамен 80 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі. Сондай-ақ мұнда Азиядағы ең ірі гүл саудасы биржасы орналасқан. Қазіргі уақытта Куньминде өндірілген гүл өнімдері әлемнің көптеген мемлекеттеріне, соның ішінде Қазақстанға да экспортталады. Кездесу барысында облыс әкімі Түркістан өңірінің гүл шаруашылығын дамытуға айрықша әлеуеті бар екенін атап өтті.
Облыс басшысы Түркістанның тиімді географиялық орналасуы, қолайлы климаттық жағдайлары және еңбек ресурстарының молдығы гүл өндірісі мен логистикасының өңірлік орталығын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Нұралхан Көшеров:
– «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Екі ел арасындағы шекаралық және көлік-логистикалық қолайлылық гүл өнімдерін жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Түркістанда гүл көшеттерін өсіріп, заманауи жылыжай кешендерін дамытып, өңделген өнімдерді Қазақстан нарығына ғана емес, Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға толық мүмкіндік бар. Бұл – үлкен нарық әрі зор экономикалық мүмкіндік. Түркістан гүл индустриясының Орталық Азиядағы жаңа орталығына айнала алады. Егер логистикалық хаб пен өндірістік алаңдар Түркістан өңірінде құрылса, біз жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Инвесторларға барлық қажетті жағдай жасалады. Біз нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асырып, гүл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге шақырамыз, – деді.
Осыған байланысты облыс әкімі Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасы мен оның құрамындағы компанияларды Түркістан облысында гүл өндірісі және логистикалық орталық құру жобасын бірлесіп іске асыруға шақырды.
Түркістан облысы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Жылыжай шаруашылығы бойынша республикада бірінші орында келеді. Бүгінде облыстағы жылыжайлардың жалпы көлемі 1007 гектарды құрайды, бұл Қазақстандағы барлық жылыжайлардың 72 пайызына тең. Өңірде дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар банан, лимон, құлпынай секілді субтропикалық дақылдар да табысты өсірілуде. Сонымен бірге голландиялық технологияларды енгізу арқылы раушан гүлдерін өндіру қарқынды түрде дамып келеді.
Айта кетейік, Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасы 2013 жылы құрылған. Ұйым гүл өсіру, сауда, логистика және электрондық коммерция салаларында қызмет атқаратын 200-ден астам компания мен 500-ге жуық кәсіпкерді біріктіреді. Палата Қытайдағы гүл индустриясының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Түркістан мен Куньмин арасындағы серіктестік Қазақстанда гүл шаруашылығының жаңа өндірістік кластерін қалыптастыруға, өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтуге және Орталық Азиядағы гүл саудасының жаңа логистикалық бағытын дамытуға тың серпін береді.
Түркістан облысының әкімі бастаған ресми және бизнес-делегация Куньмин қаласында орналасқан әлемдегі ең ірі гүл аукциондық орталықтың жұмысымен танысты. Аталған ауқымды кешен гүл өсіру, сұрыптау, өткізу және халықаралық нарықтарға жөнелту үдерістерін бір жерде шоғырландырған заманауи нысан болып саналады. Мұнда күн сайын миллиондаған гүл саудаланып, Қытайдың әртүрлі өңірлеріне және шетел мемлекеттеріне жөнелтіледі.
Орталықта гүлдердің сан алуан түрлері ұсынылған. Раушан, лалагүл, қалампыр, хризантема және басқа да көптеген гүлдер арнайы бөлімдерде сатылымға шығарылады. Өнімдердің балғындығы мен сапасы жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі. Сондықтан бұл орын гүл бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер үшін ғана емес, туристер үшін де тартымды нысан саналады. Жыл сайын орталыққа шамамен 15 миллион турист келеді.
Доунань орталығының басты ерекшелігі – электрондық аукцион жүйесі. Аукцион барысында гүлдер арнайы экрандар арқылы саудаға шығарылады. Бұл жүйе сауда процесін жедел әрі тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Орталықта гүлдерді сақтау және тасымалдауға арналған заманауи логистикалық инфрақұрылым да жоғары деңгейде дамыған. Сатылған гүлдер қысқа уақыт ішінде сұрыпталып, арнайы көлік құралдары арқылы елдің әртүрлі өңірлеріне және халықаралық бағыттарға жөнелтіледі. Осылайша өнімнің сапасы сақталып, тұтынушыларға уақытылы жеткізіледі.
Доунань гүл аукциондық орталығына келген қонақтар гүл индустриясының жұмысымен танысып қана қоймай, ерекше безендірілген гүл композицияларын тамашалай алады. Доунань гүл аукциондық орталығы – гүл өсіру мен саудалаудың озық технологиялары енгізілген бірегей кешен. Орталыққа жасалған сапар делегация мүшелеріне ерекше әсер қалдырып, гүл бизнесінің ауқымы мен әлеуетін тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.
Кездесуде Түркістан облысының делегациясы атынан Сарыағаш ауданында орналасқан «AGRO TUR» шаруа қожалығының басшысы Тұрсын Тасқожаевпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Кәсіпкердің айтуынша, гүл өсіру саласы бойынша Түркістан облысы республикадағы көшбасшы өңірлердің бірі болып табылады. Өңірде өсірілетін гүлдердің сапасы мен сұрыптық ерекшеліктері жоғары бағаланады.
– Гүл сатып алу – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейінің көрсеткіші. Бұл бағыттағы бизнесті өңірімізде одан әрі дамытуға зор мүмкіндік бар. Зерттеулерге сүйенсек, елімізде гүл саудасы ең қарқынды дамыған өңірлердің бірі – Түркістан облысы. Бүгін танысқан гүл кешеніндегі өндіріс пен ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жолға қойылғанына көз жеткіздік. Сонымен қатар біздің өңірдің де бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін байқадық. Облыс әкімінің гүл шаруашылығын дамытуға бағытталған орталық хаб құру жөніндегі бастамасын толық қолдаймыз. Шаруалар өндіріс пен өсіру жұмыстарына алаңсыз көңіл бөлуі тиіс. Ал өнімді өткізу, логистика және экспорт мәселелерін бір орталықтан үйлестіретін хабтың құрылуы сала кәсіпкерлері үшін үлкен қолдау болып, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Тұрсын Тасқожаев.
Түркістан облысы мен Қытайдың гүл индустриясындағы жетекші ұйымдары арасындағы әріптестік өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Гүл өндірісі мен логистикасына бағытталған бірлескен жобалар Түркістанды Орталық Азиядағы ірі гүл саудасы мен экспортының орталығына айналдыруға жол ашады. Бұл бастама жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестиция тартуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды енгізу арқылы Түркістан гүл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті өңір ретінде қалыптасып, Қазақстанның гүл индустриясындағы көшбасшылық орнын одан әрі нығайта түседі.
