АҚЖАРДЫҢ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА
Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне арнайы барып, ауыз су жүйесі мен медициналық нысандар құрылысының барысымен танысты. Аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылап, жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне жобаларды белгіленген талаптарға сай әрі мерзімінде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда Ақжар елді мекенінде ауыз су инфрақұрылымын дамыту бағытында суқойманы қоршау, диаметрі 110 миллиметр және 160 миллиметр болатын ауыз су құбырларын тарту, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық ауыз су құбыры тартылып, 150 дана су құдықшасы орнатылған. Жоба толық аяқталған кезде Ақжар ауылындағы шамамен 7 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін тозығы жеткен су құбырлары жоба аясында толық жаңартылып, жүйенің сапасы мен сенімділігі артады.
Су – тіршілік нәрі. Сондықтан оны ұқыпты пайдалану және үнемдеу маңызды. Елді мекендерде су есептеуіш құралдарын орнату су тұтынуды нақты бақылауға мүмкіндік беріп, артық шығынның алдын алады. Нәтижесінде тұрғындар пайдаланған су көлеміне ғана ақы төлеп, әрі су, әрі қаражат үнемдейді. Бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және ауыз су қорын сақтауға оң ықпал етеді.
Сонымен қатар, ауданның Ақжар және Дихан баба елді мекендерінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы жалғасуда. Бүгінде нысандарда кірпіш қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, алғашқы медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Аудан әкімі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы басты назарда екенін атап өтті. Аталған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігі артып, медициналық қызмет көрсету деңгейі жақсара түседі.
