ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНЫҢ САПАЛЫ ОРЫНДАЛУЫН БАҚЫЛАУҒА БАРДЫ

Түркістан облыстық мәслихатының бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес,  облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовтың өкімімен құрылған уақытша депутаттық комиссия Мақтаарал ауданында барып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы жоғары «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылыс барысымен танысты. Іссапар аясында комиссия мүшелері теміржол магистралінің бойындағы құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін зерделеді. Сондай-ақ, жоба шеңберінде жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жұмыстардың сапасы, орындалу мерзімдері мен алдағы кезеңдерге арналған жоспарлар талқыланды.

Құрылыс алаңында өткен кеңесте Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Анарбеков, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері, мердігер және жобалаушы ұйымдардың басшылары мен мамандарының есебі тыңдалды. Кездесу барысында жауапты мекемелер тарапынан жобаның іске асырылу кезеңдері, құрылыс жұмыстарының қарқыны және алдағы уақытта атқарылатын міндеттер жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

«Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру, өңіраралық байланысты нығайту және шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп қана қоймай, халықаралық жүк тасымалының көлемін ұлғайтуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа инвестициялық жобаларды тартуға серпін береді.

Ұзындығы шамамен 152 шақырымды құрайтын жаңа теміржол желісі іске қосылғаннан кейін Мақтаарал және Жетісай аудандарының көлік қатынасы айтарлықтай жақсарып, жүк тасымалдау шығындары қысқарады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу мүмкіндігі кеңейіп, кәсіпкерлік белсенділік артады деп күтілуде. Жоба өңір тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына да оң ықпал етеді.

Нысандарды аралау барысында депутаттар жобаның Түркістан облысы үшін ғана емес, республикалық деңгейде де маңызды екенін атап өтті. Өңірдегі халық санының артуы мен көлік қозғалысының қарқынды өсуін ескере отырып, олар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінде қарастырылған аспалы көпір құрылысын жобаның екінші кезеңінен бірінші кезеңіне ауыстыру жөнінде ұсыныс білдірді. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында бұл бастаманың өзектілігі ерекше екені атап көрсетілді.

Кездесу соңында уақытша депутаттық комиссия мүшелері құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуі, сапа талаптарының қатаң сақталуы және жобаның уақтылы аяқталуын талап етті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін аталған теміржол желісі Түркістан облысының көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның халықаралық транзиттік дәліздер жүйесіндегі рөлін күшейтуге елеулі үлес қосады.