ҚЫТАЙДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН МАҢЫЗДЫ КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті артып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында халықаралық деңгейдегі жетекші өнеркәсіптік және энергетикалық компаниялардың басшыларымен кездесіп, өңір экономикасын дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктерді талқылады.
Алдымен «Kibing Group» компаниясының басшылығымен инвестициялық әріптестік мәселелері қарастырылды. Аталған компания құрылыс саласына арналған флоат және энергия үнемдейтін шыны өнімдерін, электрондық құрылғыларға арналған арнайы шыныларды, күн энергетикасында пайдаланылатын фотоэлектрлік шыныларды, сондай-ақ фармацевтика саласына қажетті жоғары сапалы шыны бұйымдарын өндірумен айналысады.
Кездесу барысында Түркістан облысында флоат-шыны өндіретін және кварц құмын өңдейтін ірі өндірістік кешен салу жобасы жан-жақты талқыланды. Облыс әкімі бұған дейін де инвесторлармен бірнеше рет кездесіп, жобаны жүзеге асыру тетіктерін егжей-тегжейлі қарастырған болатын. Бұл бастама өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, құрылыс материалдары өндірісін өркендетуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге және экспорттық мүмкіндіктерді ұлғайтуға жол ашады. Сонымен қатар жаңа өндіріс орны жүздеген тұрақты жұмыс орнын ашып, жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
Нұралхан Көшеров:
– Аталған жоба Түркістан облысының ғана емес, тұтас еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға елеулі үлес қосады. Түркістан облысы кварц құмы қоры бойынша Қазақстандағы әлеуеті зор өңірлердің бірі саналады. Сондықтан шыны өнеркәсібін дамытуға барлық мүмкіндік бар. Бүгінде елімізде шыны өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Түркістан облысы қолайлы инвестициялық ахуалға, қажетті инженерлік инфрақұрылымға және білікті еңбек ресурстарына ие. Облыс әкімдігі жобаны іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Сіздермен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестік орнатып, аталған жобаны бірлесіп жүзеге асырамыз деп сенемін,- деді.
Өз кезегінде инвесторлар Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен қолайлы бизнес ортасына жоғары баға берді.
– Түркістан облысының жалпы инвестициялық мүмкіндіктері мен қолайлы бизнес ахуалы бізді ерекше қызықтырды. Өңірдің стратегиялық орналасуы, инфрақұрылымдық әлеуеті және мемлекеттік қолдау тетіктері ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Біз өзара тиімді серіктестікті дамытуға бар күшімізді саламыз, – деді компания өкілі.
Сондай-ақ облыс басшылығы Қытайдың ірі энергетикалық компанияларының бірі – China Energy компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында қуаттылығы 1500 мегаватт болатын ауқымды жел электр станциясын салу жобасы кеңінен талқыланды. Бұл бастама Түркістан облысының жаңартылатын энергия көздерін дамыту стратегиясымен толық үндеседі. Жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі күшейіп, экологиялық таза электр энергиясын өндіру көлемі едәуір артады. Сонымен бірге инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруге және инвестициялық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «жасыл» экономиканы дамытуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осыған сәйкес, Түркістан облысында баламалы энергетика саласын дамыту стратегиялық басым бағыттардың бірі болып саналады. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері, соның ішінде жел және күн энергетикасы ресурстарының жоғары әлеуеті жаңартылатын энергия көздері жобаларын табысты іске асыруға кең мүмкіндік береді.
Халықаралық компаниялармен өткен бұл кездесулер Түркістан облысының инвестициялық саясатындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. Өңір басшылығы өндіріс, жоғары технологиялар және жасыл энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуді мақсат етеді.
Кездесулер барысында аймақ басшысы ірі компаниялардың басшыларына Түркістан өңірінің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырып, шетелдік инвесторларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Қытайлық кәсіпкерлер өңірдің қолайлы инвестициялық ахуалына қызығушылық танытып, өндіріс, өнеркәсіп және өзге де салаларда ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға ниетті екендерін жеткізді.
Облыс әкімі Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюы өңіраралық іскерлік қарым-қатынастың дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Түркістан облысы инвесторлар үшін ашық әрі сенімді серіктес. Біз өндіріс, жасыл энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы бастамаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз. Қытайлық әріптестермен жүргізілген келіссөздер өңір экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға тың серпін береді. Әкімдік тарапынан заң шеңберінде қажетті қолдау шаралары көрсетіледі. Сіздерге өңірімізге инвестиция тартуға және ірі энергетикалық жобаны жүзеге асыруға ниет білдіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұл бастама өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі кездесу өзара тиімді әріптестіктің берік негізін қалап, жобаны табысты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін, – деді.
Ірі инвесторлармен жүргізілген келіссөздер Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттырып, өңірді еліміздің индустриялық және энергетикалық дамуындағы маңызды орталықтардың біріне айналдыруға берік негіз қалайды деп сенім бар.
