ҚЫТАЙМЕН ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫҢ БАҒЫТЫ АЙҚЫНДАЛДЫ
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Түркістанмен бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясының орталығы – Ухань қаласында Қытайдың 50-ден астам жетекші компанияларының басшыларымен маңызды кездесулер өткізді.
Өңір басшысы Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы әрі бас хатшысы Хуан Лисямен жүздесіп, ірі инвесторлармен B2B және G2B форматтарында келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың басым бағыттары нақтыланды.
Кездесулер барысында «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, өндірістік кооперацияны кеңейту және өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды. Өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және көлік салаларындағы жаңа бірлескен жобалар қарастырылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар тікелей инвестиция тартуға, заманауи өндірістер ашуға және Түркістан облысының экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталды.
Кездесу барысында қытайлық компаниялар өңірде жүзеге асыруды жоспарлап отырған инвестициялық бастамаларын таныстырды. Әрбір ұсыныс жан-жақты қаралып, өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды.
Нұралхан Көшеров:
– Ухань қаласында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы өзара сенім мен тығыз ынтымақтастық екі ел арасындағы өңіраралық және экономикалық байланыстардың дамуына берік негіз болып отыр. Екі ел арасындағы қатынас өзара сенімге, теңдікке және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікке негізделген. Бұл байланыс тек экономикамен шектелмей, өңірлік тұрақтылықтың маңызды тірегіне айналып отыр. Мемлекет басшылары арасындағы тұрақты диалог өңірлік тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл әріптестік «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында да жаңа серпін алды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен біз өңірдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартып, қызығушылық танытқан компанияларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отырмыз. Өңірлік әріптестікті нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің біздің өңірге келіп, инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға барынша қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді, – деді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылған. Түркістан облысы мен Хубэй халықаралық кәсіпорындар қауымдастығы арасындағы серіктестік 2024 жылдан бері дамып, инвестициялық жобаларды пысықтауға арналған тиімді алаңға айналды.
Кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, туризм және көлік-логистика бағыттарындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, шетелдік инвесторларға ұсынылатын қолдау тетіктері мен жеңілдіктер туралы ақпарат берілді.
Өз кезегінде делегация мүшелері Түркістан облысының қолайлы географиялық орналасуы мен экономикалық әлеуетін жоғары бағалап, ұзақ мерзімді серіктестікке қызығушылық танытты. Кездесу қорытындысында тараптар нақты инвестициялық бастамаларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.
Атап айтқанда, медициналық технологиялар саласында жұмыс істейтін халықаралық компания Қазақстан нарығына шығу жоспарын таныстырды. Компания жасанды сүйек тіндерін қалпына келтіруге арналған материалдар мен күйік және жарақаттарды емдеуге қолданылатын жасанды тері матрицаларын өндіреді. Инвесторлар өнім жеткізумен қатар, болашақта өңірде өндіріс орнын ашуға ниетті екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар «Wuhan Engineering» компаниясының басшыларымен кездесу өтті. Компания Түркістан облысында заманауи саябақтар, гүл және құс базарларын салу мүмкіндігін қарастырып отыр. Жобаның алдын ала инвестициялық көлемі 180 миллион юаньды құрайды.
Облыс әкімі арнайы техника өндіру саласындағы ірі инвесторлармен де кездесті. Компания қоқыс таситын көліктер, шаң басу машиналары, вакуумдық тазалау техникалары, мобильді авариялық электр станциялары мен қар тазалау техникаларын шығарады. Келіссөздер барысында Түркістан облысында арнайы техника құрастыратын өндіріс ашу мәселесі қаралды.
Сапар аясындағы ең ауқымды жобалардың бірі мәдени туризм саласына қатысты болды. Халықаралық компания Түркістан облысында океанариум немесе теңіз тақырыбындағы ойын-сауық және туристік парк салу жөнінде ұсыныс енгізді. Компанияның туристік инфрақұрылым нысандарын жобалау, салу және пайдалану бағытында мол тәжірибесі бар. Жобаның болжамды инвестициялық көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда өңір туризмінің дамуына жаңа серпін беруі мүмкін.
Сондай-ақ Қытайдың ірі агроөнеркәсіптік құрылымдарының бірі саналатын Huapei Group өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Компания ет өнімдерін импорттау, өңдеу, сақтау және логистика қызметтерімен айналысады. Тараптар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуетін және өңдеу саласындағы ықтимал серіктестікті талқылады. Іс-шараны ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев қолдау көрсетті.
Облыс әкімі Қытайдың құрылыс және инфрақұрылым саласындағы жетекші компанияларымен «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жобасын жан-жақты талқылады. Компаниялар көлік дәліздерін дамытуға, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге және халықаралық көлік қатынасын кеңейтуге бағытталған жобаларға қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Бұдан бөлек, Қытайдың сәулет және құрылыс саласындағы компаниялары Түркістан облысында жоспарланған «Ирсу» және «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарын дамыту жобаларына қызығушылық танытты. Бұл бағытта жан-жақты келіссөздер жүргізілді. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда туристік инфрақұрылымның сапасы артып, жаңа жұмыс орындары құрылып, шетелдік туристер ағыны ұлғаяды.
Жалпы алғанда, Қытайға жасалған жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі 50-ден астам компанияның басшылары және инвесторларымен кездесіп, жалпы құны жүздеген миллион долларды құрайтын жобаларды талқылады. Кездесулердің негізгі мақсаты – өңірге инвестиция тарту, өндірісті дамыту, жаңа технологияларды енгізу және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту.
Бүгінде Түркістан облысы Қазақстандағы инвестиция тарту көрсеткіші жоғары өңірлердің бірі саналады. Қытайлық серіктестермен жүргізілген келіссөздер алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларға ұласып, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде.
Айта кетейік, «Хубэй» халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығы қытайлық және шетелдік бизнес арасындағы әріптестікті дамытуға бағытталған ұйым болып табылады. Қауымдастық инвестициялық жобаларды қолдап, халықаралық нарықта кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда Ухань қаласында Түркістан облысының өкілдігі, ал Түркістан қаласында қауымдастықтың өкілдігі жұмыс істейді.
