АЙМАҚ БАСШЫСЫ ХУБЭЙ ГУБЕРНАТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясының губернаторы Ли Дяньсюньмен ресми кездесу өткізді. Басқосу барысында екі өңір арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру, бірлескен жобаларды іске асыру және іскерлік ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жан-жақты қаралды.

Хубэй провинциясының губернаторы Ли Дяньсюнь өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдіріп, ғылым, технология және инновациялар саласындағы серіктестіктің маңыздылығына ерекше тоқталды.

Ли Дяньсюнь

Біз Қазақстанмен қалыптасқан достық қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделіміз. Сонымен қатар ғылым, білім беру, мәдениет және логистика бағыттарындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге дайынбыз. Түркістан өңірі Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды логистикалық көпір бола алады, – деді.

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қытайлық әріптестерге көрсетілген қонақжайлық пен жылы қабылдау үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік мемлекет басшыларының тұрақты әрі сенімді диалогының арқасында жаңа деңгейге көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өткізген нәтижелі кездесулер екіжақты ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырды. Бұл ретте, Президентіміз мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың достық пен стратегиялық серіктестіктің екінші «Алтын отыз жылдығына» қадам басқанын айрықша атап өтті. Осы орайда, екі мемлекет басшылары айқындаған басым бағыттарды Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы өңіраралық деңгейде тиімді жүзеге асыруда, – деді.

Кездесу барысында Нұралхан Көшеров Түркістан облысының өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру және логистика салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылды. Өңір басшысы әлемдік маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысаны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілгенін атап өтіп, қытайлық туристер үшін өңірдің тартымдылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

Кездесуде көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері де кеңінен талқыланды. Түркістан облысының халықаралық транзиттік дәліздер бойында орналасуы өңірдің инвестициялық және сауда әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Осы ретте «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің стратегиялық маңызы ерекше аталды.

Сондай-ақ, тараптар өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайтуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады. Қазіргі таңда Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы бауырластық қарым-қатынас туралы келісімге 2024 жылы қол қойылған. Кейін Астанада өткен Орталық Азия – Қытай саммиті аясында бұл келісім ресми түрде бекітіліп, өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы қабылданды.

Хубэй провинциясы Қытайдың орталық бөлігіндегі жетекші экономикалық өңірлердің бірі болып саналады. Өңір халқының саны 60 миллионнан асады. Провинция автомобиль жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, фармацевтика, оптоэлектроника және жоғары технологиялық өндіріс салаларында алдыңғы қатардан орын алады. Әкімшілік орталығы – Ухань қаласы Еуразия кеңістігіндегі маңызды көлік-логистикалық хабтардың бірі ретінде танылған.

Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту өңірлердің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа инвестициялар тартуға және халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға жаңа жол ашады.