ТАЗАЛЫҚ САҚТАМАҒАНДАРҒА ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Республика көлемінде бекітілген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес, бағдарлама санитарлық тазалық шараларымен ғана шектелмей, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шараларды қамтиды. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бағдарлама шеңберінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, өткен аптада облыстағы аудан-қалаларда тазалық жұмыстарының орындалу сапасына, саябақтар мен скверлердің жағдайына, сондай-ақ ғимараттардың сыртқы келбетіне қатысты мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде аудан және қала әкімдіктеріне нақты тапсырмалар беріліп, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты түрде күшейту міндеті жүктелді.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтарға байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша 3 386 хаттама рәсімделіп, 93,4 млн теңге айыппұл салынды. Ал 505-бап бойынша 2 599 хаттама толтырылып, 20,7 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 2 276 хаттама рәсімделіп, оның ішінде 1 851 ескерту берілді және 9,1 млн теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар «TazaQazBot» Telegram чат-боты арқылы 237 өтінім келіп түскен. Оның 183-і орындалып, қалған 54 өтінім қаралу сатысында.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына елді мекендердегі тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды. Сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, «Таза Қазақстан» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша нәтижелі жұмысты қамтамасыз етуді жүктеді.
