ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР ГҮЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСУҒА НИЕТТІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd» компаниясының бас директоры Юань Чжао Хуэймен және компанияның Қазақстандағы өкілдерімен кездесті. Басқосуда өңірдегі жылыжай кешендерін әртараптандыру, гүл шаруашылығын өркендету және көгалдандыру бағытындағы инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Кездесу барысында жергілікті шаруалармен ынтымақтастық орнату, өңірді абаттандыруға қажетті гүлдер мен сәндік ағаш көшеттерін өсіру, сондай-ақ озық жылыжай технологияларын енгізу мүмкіндіктері талқыланды.
Облыс әкімі ұсынылған бастамалар жан-жақты зерделеніп, тиімді жобаларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Жақында Қытай еліне жұмыс сапарымен барып, бірқатар инвесторлармен келіссөздер жүргіздік. Бүгінде өзара әріптестік байланыстар нығайып келеді. Біз өңір экономикасына серпін беретін, жаңа жұмыс орындарын ашатын жобаларды қолдауға дайынбыз. Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Өңірді көгалдандыруға қажетті гүлдер мен ағаш түрлерін өсіруді ұсынамын. Жергілікті шаруалармен байланыс орнатуға көмектесеміз. Сынақ кезеңі сәтті аяқталған жағдайда жобаны кеңейтуге қолдау көрсетіледі, – деді.
Кездесуде инвесторлар Түркістан облысында гүл шаруашылығын дамытуға ниетті екендерін жеткізді. Қазіргі уақытта компания Сарыағаш ауданында бұталы раушан гүлдерін тәжірибелік негізде отырғызу жұмыстарын бастап кеткен. Алғашқы нәтижелер оң болған жағдайда гүл егілетін алқап көлемін 20 гектарға дейін ұлғайту көзделуде.
Компания өкілдерінің мәліметінше, өндірілетін гүл өнімдеріне Орталық Азия елдері мен Ресей нарығында сұраныс жоғары. Осыған байланысты Түркістан облысында экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқан.
Кездесу қорытындысында өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген гүлдер мен сәндік ағаштардың бірнеше түрін сынақ ретінде отырғызу жөнінде келісімге келінді. Сынақ кезеңінің нәтижелері оң болған жағдайда жобаны одан әрі кеңейту және әкімдік тарапынан қолдау көрсету мәселелері қарастырылатын болады.
