ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ МЕРЗІМІНДЕ АЯҚТАЛАДЫ

Түркістан облысында инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндірістік жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.

Отырыста биыл жүзеге асырылатын 10-нан астам инвестициялық жобаның орындалу барысы қаралып, өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Инвесторлар мен жауапты мекеме өкілдерінің есептері тыңдалып, жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы іске асыруға басымдық берілді.

 

Жиында Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынып жатқан «Нұрқағаз Х» ЖШС-нің қағаз өндіру зауытының құрылысы талқыланды. Инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын екі кезең бойынша жылына 60 мың тонна қағаз өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, өндірістік қоймалар мен бақылау-өткізу пунктінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жер қазу және бетон құю жұмыстары толық аяқталып, металл конструкцияларды орнату жалғасып жатыр. Қажетті құрал-жабдықтар толықтай Қытай Халық Республикасынан сатып алынған. Жалпы құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі 80 пайызға жетті.

Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі өндірістік жобалардың барысы қаралды. Атап айтқанда, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің 16 роторлы иіру желісімен жабдықталатын тоқыма фабрикасының құрылысы жалғасуда. Құны 5,4 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 20-30 мың тонна мақта иірімжібін өндіреді. Жоба аясында 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бірінші кезең бойынша жатақханалардың сыртқы құрылысы толық аяқталған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, өндірістік блоктың іргетасы толық дайындалған. Металл конструкцияларды Қытайдан жеткізу күтілуде.

Штаб отырысында Түркістан қаласындағы «TURAN» АЭА аумағында орналасқан «Turkistan Lihua» ЖШС-нің тігін, тоқыма және бояу-әрлеу фабрикаларының, сондай-ақ Отырар ауданындағы мақта өңдеу және мақта тұқымын өндіру зауытының құрылыс жұмыстары да қаралды.

Бұдан бөлек, Жетісай ауданындағы «Altyn Kun Group» ЖШС-нің және Отырар ауданындағы «Lesso Drip» ЖШС-нің тамшылатып суару жүйелерін өндіру зауыттарының іске асырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС-нің ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауытының құрылысы жөнінде баяндалды.

Сауран ауданында іске асырылып жатқан өндірістік жобалар да назарға алынды. Атап айтқанда, «Diamond Steel Co. Ltd» ЖШС-нің алюмоцинкпен қапталған және боялған металл өндіру зауыты, «Bereke Plastic» ЖШС-нің бір реттік ыдыс-аяқ шығаратын кәсіпорны, «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-нің ауыл шаруашылығына арналған дрондар өндіру зауыты және «Sauran Solar Power» ЖШС-нің қуаттылығы 300 МВт күн электр станциясы бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.

Жиын қорытындысында өңір басшысы Нұралхан Көшеров инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Ол жауапты тұлғаларға жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, инвесторлар көтерген мәселелерді жедел шешуді міндеттеді. Сонымен қатар берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң қадағаланатынын ескертті. Отырыс барысында жүктелген міндеттер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.