КРЕАТИВТІ «KONE ARBAT» ЖАҢАРАДЫ
Түркістан облысында туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров қаладағы арбат аумағына барып, «KÖNE ARBAT» туристік маршрутының жобасымен танысты.
Жоба 0,98 гектар аумақты қамтиды. Нысанның жалпы ауданы – 8307,40 шаршы метр. Бастаманың негізгі мақсаты – туристер мен тұрғындар үшін қолайлы демалыс ортасын қалыптастыру, сондай-ақ кәсіпкерлік пен мәдени туризмді дамытуға серпін беру.
Жоспарға сәйкес арбат аумағы кеңейтіліп, коммерциялық нысандар, террасалар мен автотұрақтар салынып, кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, коммерциялық үй-жайлардың жалпы ауданы 1090,94 шаршы метрді, террасалар 368 шаршы метрді құрайды. Автотұрақ аумағы – 4225 шаршы метр, ал көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары 2283 шаршы метр жерде атқарылады.
Сонымен қатар жаңа туристік кеңістікте көрме алаңдары, кофехана, экспозициялық залдар, ашық қоғамдық аймақтар, реставрациялық шеберханалар, көлеңкелі демалыс орындары және мәдени іс-шараларға арналған арнайы алаңдар орналастырылады.
Жоба авторлары этномұражай салу жөнінде де ұсыныс білдірді. Бұл нысан мәдени мұра мен заманауи сәулет шешімдерін үйлестіретін бірегей кеңістік ретінде қарастырылған. Жоба көне түркі дүниетанымындағы «Үш әлем» тұжырымдамасына негізделген. Су айдындары мен сәулеттік элементтер тарих пен бүгінгі кезең арасындағы сабақтастықты айқындап, келушілер үшін ерекше атмосфера қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жоба аясында заманауи креативті орталық салу бастамасы ұсынылған. Аталған нысан Түркістанның мәдени мұрасын қазіргі сәулет тілі арқылы жаңаша танытып, шығармашылық білім беруге, өзара байланыс орнатуға және креативті индустрияларды дамытуға арналған ашық алаң ретінде қызмет етеді.
Өңір басшысы ұсынылған жобалардың Түркістанның туристік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға жобаларды жетілдіріп, тарихи сәулет ерекшеліктерімен үйлестіре отырып, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
